ПРЕЗИДЕНТ АЛҒЫСХАТЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Көрулер: 134

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлына және Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры, оқу ордасының Баспасөз хатшысы, Мәдениет саласының үздігі Қаншайым Байдәулетке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс» хаты табысталды.
Аталған марапат Қансейіт Әбдезұлына және Қаншайым Мәуленқызына көрнекті жазушы, еліміздегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін беріліп отыр. Астанадан келген «Алғыс» хатты ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев табыстады.
«Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында өткен халықаралық іс-шараларға белсенді түрде атсалысып, бауырлас елдерде оның шығармаларын кеңінен насихаттауға, екіжақты мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге алғысымды білдіремін. Өзіңізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға толайым табыс тілеймін», - делінген алғыс хатта.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі