Қазақстан Республикасының Конституциясы күні құтты болсын!

30.08.2023

Көрулер: 128

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!

 

Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әр мемлекеттің іргесі берік, тұғыры мықты болуы Конституциясына байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы 5 маусымда Конституциямызға заман талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бүкілхалықтық референдум арқылы мемлекетіміздің саяси дамуының түбегейлі жаңа бағыты айқындалды. Бұл ретте 1995 жылғы Ата заңымыздың демократиялық қағидалары сақталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңарған Конституциямызды «Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес» деп атап өтті.

Конституцияда белгіленген саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды. Тәуелсіздігімізді айғақтайтын басты құжат арқылы егемен елімізде қоғамдық-саяси бірлік пен ынтымақ, келісім мен тұрақтылық қалыптасты. Бүгінде конституциялық реформаларды іске асыру, қоғамды демократияландыру, адам құқықтарын қорғау мәселелеріне ғылыми көзқарас қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта университетіміздің оқытушы-ғалымдары, құқықтық білім алып отырған жастары мен жалпы білім алушылар белсенділік танытады деп сенемін.

Мерейлі мерекеде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, қоғам игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Еліміздің келешегі жарқын, тұғыры биік болсын!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ