БІЛІМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

01.09.2023

Көрулер: 150

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!

Сіздерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ» деп атап өткен болатын. Озық білімді игеріп, инновациялық ғылымды меңгерген бәсекеге қабілетті жастар – жаңа Қазақстанның басты тірегі.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары оқу орындары арасында жоғары мектептің неғұрлым сұранысқа ие бағдарламаларын басым таңдауда көш бастап тұр. Университетте 2023-2024 оқу жылына 120-дан астам білім беру бағдарламалары жаңартылып, 40-қа жуық жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Бакалавриат бойынша биыл мемлекеттік білім гранттарын беру конкурсының нәтижелері негізінде университетімізден 4090 адам жеңімпаз атанды. Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері негізінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Оның ішінде 597 «Алтын белгі» иегерлері мен 267 үздік оқушы бар. Квота бойынша Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға 51 грант берілді. Биыл магистратураға түскендер саны – 1173. Ал докторантураға түскендер – 256. Ақылы оқуға 2000-нан астам талапкер құжат тапсырды. Келісім­шарт негізінде ақылы оқуға өтініш қабылдау әлі де жалғасуда. Болон үдерісі бойынша халықаралық грант негізінде бакалавриатқа 251 адам, магистратураға 23, докторантураға 7 адам қабылданды.

Көшбасшы университетімізді таңдаған талапкерлерге табыс тілеймін.

Ұлы ойшыл әл-Фараби «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу. Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт» деп тұжырым жасаған.

Қазақстанның кемел келешегі жолындағы ізденістеріңіз жемісті болсын. Жаңа оқу жылында жаңа табыстар тілеймін!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ