ҚазҰУ ұжымы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған шараға қатысты

05.09.2023

Көрулер: 171

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы мен ұжымы Жетісу облысы Қаратал ауданы Жаңаталап ауылында өткен қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған шараға қатысты.

Мерейтой аясында жиналған қауым қаламгер рухына арналған асқа қатысып, арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны көріп, ұлттық спорт жарыстарын тамашалады.

Алдымен мерекелік шараның ашылу салтанатында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беріп, республикалық «Кемел қаламгер» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Аталмыш байқауға еліміздің әр өңірінен 300-ден астам адам қатысқан.

Шарада Жансейіт Түймебаев «Қазақ университеті» Баспа үйінен басылып шыққан «Кемел Тоқаев – дара тұлға» атты кітапты ұйымдастырушылар мен зиялы қауым өкілдеріне тарту етті. Жинақ жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған.

Қаламгердің ғасырлық тойында 22 мемлекеттен келген 200-ден астам балуан бақ сынасқан қазақ күресінен Әлем кубогы өтті. Сонымен қатар құнан, топ бәйге және аламан бәйге ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлделер табысталды.

Одан бөлек, жиналған жұртшылық арасында тоғызқұмалақ, садақ ату, қой көтеру сынды ұлттық ойындардан жарыстар өткізіліп,  үздік шыққандарға сый-сияпаттар берілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі