ҚазҰУ-да студенттік «FARAB» оқырмандар клубы ашылды
Көрулер: 129

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасы жанынан білім ордасының 90 жылдық мерейтойына орай, «FARAB» студенттік әдеби-танымдық оқырмандар клубы ашылды.
Ашылу салтанатында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Рухани жаңғыру орталығының директоры, жазушы Нұрғали Ораз: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген осы бір аталы сөз қай ғасырда, қай заманда болсын өз құнын жойған емес. Бүкіл адамзат тарихында көне дәуірлерден сақталып келе жатқан, бізге жеткен асыл мұралар, ақыл-ой, ғылым-білім қазыналары кітап арқылы игілігімізге асуда. Осы ретте бүгінгі оқырмандар клубының ашылуы студент жастардың кітапхананың бай кітап қорындағы көркем әдебиетпен танысуларына берілген мол мүмкіндік», – деді.
«Бүгінгі оқырмандар клубының ашылғанына өте қуаныштымын. Себебі өз басым сүйікті авторларымды іздеп жүріп оқитын оқырмандардың бірімін. Әртүрлі көркем әдебиеттерді оқыған сайын санам серпіліп, рухани дами түсетінімді сезінемін. Кітапхана қоры да жылдан-жылға толығып, білім алушы жастарға бар жағдайды жасауда», – дейді филология факультетінің студенті Арайлым Зеберхан.
Жастар арасында кітап оқуға деген сүйіспеншілікті ояту мен оған деген қызығушылықты арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру – клубтың басты мақсаты. Қазақстан ақындары мен жазушыларының шығармашылығын, әлем әдебиетінің классикалық және қазіргі үздік үлгілерін насихаттау, университет білім алушылары арасынан жас ақындарды анықтау мен ынталандыру жұмыстары да клубтың басты бағыттарының бірі саналады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі