ҚазҰУ- да журналистиканың ХІ қысқы мектебі басталды
Көрулер: 104

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Дүниежүзілік радио күніне арналған «Радиотаратудағы жасанды Интеллект: жаңа форматтар мен практика» ХІ қысқы журналистика және коммуникация мектебі басталды.
Іс-шараның ұйымдастырушылары: Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық Бюросының қолдауымен Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі және ЮНЕСКО-ның Алматы Кластерлік Бюросы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті.
БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, ақпараттық бюро басшысы Властимил Самек қатысушыларды Қысқы мектептің басталуымен құттықтады. «2011 жылдың 13 ақпанында ЮНЕСКО-ға мүше елдер Дүниежүзілік радио күні деп жариялады. 2012 жылы бұл идеяны БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдады. Биыл біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп кезекті іс-шара өткіземіз. Қысқы мектептің ХІ тақырыбы өте өзекті. Жасанды интеллект – болашақтың ғылымы. Қазіргі уақытта журналистиканың кейбір салалары жасанды интеллектке ауыстырылды. Бұл уақыттың бағыты, бірақ нағыз кәсіпқойлар әрқашан сұранысқа ие болады».
Шара барысында белгілі журналистер шеберлік сағаттарын өткізді. Олардың арасында ҚазҰУ-дың PhD докторанты, Data-журналист Олжас Әбдіхалик – «Қазақстандық журналистикада Big-Data қолдану практикасы», «Minsiz» Studio дауысын қою және көпшілік алдында сөйлеу бойынша жаттықтырушы, «Той Думан» радиосының продюсері және музыкалық редакторы Жандос Есеналиев және басқалар болды.
Үш күндік Қысқы мектеп аясында «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешені, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі, Белбұлақ шатқалы сияқты жерлерде түрлі іс-шаралар, кездесулер, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өтеді.
Айта кету керек, бұл іс-шара Сапалы білім беру және гендерлік теңдік мақсаттарын қоса алғанда, түрақты даму стратегиясын (ТДМ) іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі