Климаттың өзгеруі барлық салаға әсер етеді

19.02.2024

Көрулер: 83

Климаттың өзгеруі соңғы онжылдықтағы өзекті мәселелердің бірі екені даусыз. БҰҰ ұсынған тұрақты даму мақсаттарының бірі климаттың өзгеруімен күрес болуы да бекер емес. 

Жалпы, климат дегеніміз – белгілі бір жердегі ауа райының көпжылдық режимі. Ал жаһандық климат – ұзақ уақыт бойы өтетін атмос­фе­ра-мұхит-құрлық-криос­фе­ра метеорологиялық жүйе­сін құрайтын режимнің ан­сам­блі. Яғни жаһандық климатты қарастырғанда тек климатология, метеоро­ло­гия тұрғысынан ғана емес, океанология, гляциология, геохимия, география, гео­фи­зика, геология ғылым­да­рымен де тығыз байланысты екенін ескеру керек. Сон­дық­тан климаттың жаһандық өзгеруі қоғамдағы барлық салалардың дамуына өз әсе­рін тигізетінін атап өткен жөн.

Дүниежүзілік метеороло­гия­лық ұйымының (ДМҰ, Же­нева) мәлімдемесіне сәйкес, 2015-2023 жылдар аралығы бақылау кезеңдерінің ішін­де­гі ең жылы жыл болды. Ал өткен жылдың жаһандық ауа температурасы мәні (қазан айында) 1850-1900 жылдар­да­ғы орташа мәнінен 1,40 °C (±0,12) жоғары болған. Қазан айына дейінгі бақылау мә­лі­меттеріне сәйкес, 2023 жыл 174 жылдық бақылау ке­зе­ңін­дегі ең жылы жыл болды. Бұған дейінгі ең жылы жылдар: 2016 ж. – 1850-1900 жылдардағы орташа мәнінен 1,29 (±0,12) °C жоғары, 2020 ж. – 1,27 (±0,13) °C жоғары бол­ған. Климатолог ғалым­дар­дың пікірінше, жылыну­дың себебі – Эль-Ниньо құ­бы­лысы, яғни Тынық мұ­хи­тындағы оңтүстік тербе­ліс­тері болып отыр. Эль-Ниньо құбылысы 2023 жыл­дың көктемінде пайда бо­лып, жаз мезгілінде қар­қынды дамыған, сонымен қатар 2024 жылдың жаһан­дық температурасының жо­ғары болуына алып келуі де мүмкін.

Жаһандық климаттың өз­ге­руі шеңберінде Қа­зақстан климатының да өзгерулері орын алуда. Еліміздің бар­лық облыстарының аума­ғын­да орташа жылдық ауа температурасының тұрақты жоғарылауы байқалады. «Қаз­гидромет» маман­дары­ның хабарлауынша, ел аума­ғы бойынша ауаның орташа жылдық температурасының жоғарылауы әр 10 жыл сайын 0,32 ºС құрайды.

Жоғарыдағы мәліметтер сол­түстік жарты шарда ор­на­ласқан шамамен 8500 ме­тео­рологиялық станцияның бақылау мәліметтері бойын­ша нақты есептелген ме­теорологиялық шамалардың өзгеру мәндері болып та­бы­лады. Ал жаһандық кли­мат­тың өзгеруін болжау қалай жүзеге асады? Әлемдік ғы­лымның заманауи деңгейі жүз жылдың ішіндегі бола­шақ климаттың өзгеруін бол­жай алмайды, оның өзге­руін бағалау үшін климаттық сценарийлер қолданылады.

Климаттың өзгеруі бо­йын­ша халықаралық экс­перт­тер тобы адамзат да­муы­ның 40 сценарийін ұсын­ды. Бұл сценарийлерге сәйкес, 2081-2100 жылдарға қарай жер бетіндегі ауа температурасының көтері­луі: төрт сценарийдің үшеуі бойынша 1,5 °С артады, екі сценарий бойынша 2°С жо­ғары; бір сценарий бойынша 1750 жылға қарағанда 4 °С-қа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар парниктік газдардың әсерін ескер­ген­де­гі климаттық сценарийлер бойынша болашақ климат­тың өзгеруін бағалайды. Қа­зақстан территориясы үшін GRADS кешені көмегімен IS92a сценарийі бойынша жа­салған климаттық сце­на­рийлер бірінші ретті 5 мо­дель бойынша құрылды, олар­дың сезімталдығы жо­ғары болғандықтан, орташа температураның жоғары мә­нін көрсетті.

Барлық сценарийлер бо­йын­ша ХХІ ғасырдың со­ңында ауа темпе­рату­ра­сы­ның артуы күтілуде. «Макси­малды жылыну» сце­на­рий­лері бойынша (UK89 және СССМ) жылыну 6,9 °С құрайды, ал жауын-шашын 12% төмендейді немесе мүл­де өзгермейді. Темпе­ра­тураның максималды өсуі мен жауын-шашынның азаюы көктемгі кезеңге бол­жа­нып отыр. «Минималды жылыну» сценарийі бойынша (GISS) температураның көтерілуі 4,5 °С және жауын-ша­шын мөлшері 28% ар­тады. Қалған екі сценарий бойынша температура 4,9 °С-қа көтеріліп, жауын-ша­шын 7 және 24%-ға артады. Осылайша GISS сценарийі жауын-шашынның 28% ар­туы нәтижесінде «жұмсақ», ал UK89 сценарийі ең жо­ға­ры жылыну мен жауын-ша­шы­нның төмендеуі нә­ти­жесінде «құрғақ» болып та­былады. Дегенмен бұл көр­сеткіштер «жоғары» бо­лып саналады.

Жоғарыдағы климаттық сце­нарийлер бойынша ауа температурасының жоғар­ы­лап, жауын-шашынның тө­мен­деуі күтілетіні баға­ла­нуда, дегенмен бірқатар ғалымдардың пікірінше, бұл жылыну тек антропогендік үлес емес, табиғи өзгерістер де болуы мүмкін деген көз­қарас білдірді.

Климаттың өзгеруі әлем­дік қоғамдастық деңгейінде талқылануда. Былтыр жел­тоқ­сан айында Дубайда кли­мат жөніндегі дүниежүзілік саммит өтті, бұл саммиттің әлемдік деңгейде өтуінің өзі де климат өзгеруі мәсе­ле­сінің маңызды екенін дәлел­де­гендей. Бұл саммитте еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздегі кли­мат­қа қатысты мәселелерді қозғады. Қазақстан Париж келісімін ратифика­цияла­ға­нын, парниктік газдардың бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдаға­нын, әлемдік деңгейдегі «жа­сыл дамуға» қатысты бас­та­маларды қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің бас­шысы Арал теңізі мә­се­лесін де көтеріп, оны құтқару бойынша іс-шараларға қа­жет­ті қаржыландыруды да бас­шылыққа алды. Кли­мат­тың 1,5 0С-қа дейінгі жаһан­дық жылынуын атап өтіп, тұрақты даму мақсаттарына сай, климаттың өзгеруімен күрес және оның өзгеруіне бейімделу шараларын да қам­тыды. Еліміз қорға тө­ра­ғалық етіп, 2024 жылы «Біртұтас су» атты бірінші та­қырыптық саммит, 2026 жылы өңірлік климаттық саммит ұйымдас­тырыла­ты­нын да атап өтіп, әлемдік қоғамдастықты халық­ара­лық форумдарға шақырды.

Климаттың өзгеруі – бұл тек мемлекеттік деңгейде ға­на қарастырылатын мәсе­ле емес, жеке тұлға ре­тінде әрбір адамның жауапкерші­лігін­дегі іс. Климаттың өз­геруі­мен кү­ресу, суды ысы­рап­сыз пай­далану, эко­жүйені сақ­тау сияқты мәселелерде әрбір адам әрекет етіп, үлес қоса алады.

Аида МҰҢАЙТПАСОВА,

Метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы, г.ғ.к.