1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

01.03.2024

Көрулер: 91

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, білім алушы жастары мен түлектері!

Сіздерді көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген ең ізгі мерекеміздің бірі – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына деген ізгі ниетін білдіретін, барша қазақстандықтардың бірлігін айғақтайтын ерекше күн. 

Ғылым мен білімнің, адамгершілік пен ізгілік насихатшысы, ғұлама ғалым әл-Фараби «Ізгі және қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы керек» деп тұжырым жасаған.

Дана Абайдың «Толық адам» тұжырымы да «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» қағидасынан бастау алады.

Бүгінгі жаңа, әділетті Қазақстанның басты ұстанымы да әділет пен ізгілікке негізделген.

Алғыс айту – ризашылық сезімін білдіру ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәлім-тәрбие жемісі, жанашырлықтың, ынтымақ пен бірліктің айқын нышаны.

Ізгі қоғамды қалыптастырып, еліміздің кемел келешегіне қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеуде оқытушы-ғалымдарымыздың, ардагер ұстаздарымыздың еңбегі зор.

Көшбасшы университетімізде шаруашылық, өндірістік бағытта жұмыс атқарып жүрген қызметкерлеріміз де білім ордасының дамуына елеулі үлестерін қосып отыр.

Қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектеріміз де биыл 90 жылдық белеске көтерілген ҚазҰУ-дың жаңа келбетін қалыптастыруға атсалысып, білім алушы жастарымызға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Студенттеріміз бен жас ғалымдарымыз халықаралық ғылыми байқауларда, өнер жарыстары мен әлемдік спорттық додаларда  топ жарып, еліміздің абыройын арттырып, университет мәртебесін биіктетіп келеді.

Бүгінгі мерекеде баршаңызға айрықша алғыс айтып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін.

Жақындарымызды бағалап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік!

Биік мақсаттарға жетіп, ғылым жолында табысты болыңыздар!

Тәуелсіз еліміздің береке-бірлігі бекем болып, абырой-даңқы арта берсін!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ