ҚазҰУ-да «Шығарда жарықты сөндіріңіз!» акциясы басталды
Көрулер: 131

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Шығарда жарықты сөндіріңіз!» акциясы басталды. Бір ай көлемінде университетте студенттер мен оқытушылардың қатысуымен энергия үнемдеу мен оны тұтыну тақырыбына арналған әртүрлі іс-шаралар өтеді.
«Шығарда жарықты сөндіріңіз!» акциясы БҰҰ-ның 2015 жылы қабылдаған кедейлікті жоюға, планета ресурстарын сақтауға және әл-ауқатты қамтамасыз етуге бағытталған Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру стратегиясы шеңберінде ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу әлемдік тренд қана емес, ұлттық басымдық болып табылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте өткен БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитінде айтқан болатын.
БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның қағидаттары мен бастамаларын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Бүгінде білім ордасында ТДМ 17 тақырыбына арналған түрлі іс-шаралар өтуде. Олар нәтижеге қол жеткізуге және оқытушылық-профессорлық құрам мен студенттер арасында ТДМ қажеттілігі мен маңыздылығын насихаттауға бағытталған.
ТДМ 7 «Қолжетімді және экологиялық таза энергия» және «Жауапты тұтыну және өндіріс» ТДМ 12 іске асыру шеңберінде университетте «Энергияны үнемдейміз», «Ғаламшардың пайдасына жарықсыз бір сағат» және «Шығарда жарықты сөндіріңіз!» акциясы жоспарланған. Мұндай акциялар үлкен тәрбиелік мәнге ие, артық тұтыну және экологиялық дағдарыс дәуірінде өзекті құндылықтарды дамытады.
«Шығарда жарықты сөндіріңіз!» акциясы аясында білім ордасында ауқымды іс-шаралар, конференциялар, челлендждер, флешмобтар өтеді. Ол жұртшылыққа электр энергиясын үнемдеу және басқа да ғаламшар ресурстарына ұқыпты қарау қажеттігін еске салады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі