Айнұр ҚҰРМАНАЛИЕВА, ҚазҰУ профессоры: Басқа мәдениеттің жетегінде кетпеу – сауатсызданудан сақтайды

11.03.2024

Көрулер: 111

1. Сіздіңше, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» қан­дай болуы ке­рек, қандай талаптарға (педа­го­гикалық, психологиялық және т.б.) жауап беруге тиіс?
2. Дәріс оқитын пәніңіз бойынша оқу бағдар­ла­масы көңі­лі­ңіз­ден шыға ма? Сіздің ойыңыз­ша, оны жетілдіру үшін не істеуге болады? 
3. Білікті маман даярлауда біздің қоғамның қандай кемшін тұстары бар, атай аласыз ба?
4. Жастардың білім деңгейі көңіліңізден шыға ма?
5. «Қоғам сауатсызданып барады» деген көз­қа­распен келі­се­сіз бе?

1. Оқу ордасының зерттеу уни­верситеті ретінде білім бе­ру кеңістігіне қадамы білім бе­руд­і, ғылымды және инно­ва­ция­­ларды интеграциялау мақ­­сатында іске асатыны анық. Бұл оқытушыларға қойы­латын талапты жаңартады, оқы­тушылар мен профес­сор­ларды ғылыми-зерттеу қызме­тіне және ғылыми жобаларды іске асыруға жан-жақты тарту қажеттілігін көрсетеді. Сон­дық­тан білім беру процесімен қатар, қазіргі кезде ғылыми зерттеулер жасауға қабілетті және студенттердің ғылыми із­де­ністеріне жетекшілік ете алатындай құзыреттілік аса ма­ңызды деп ойлаймын. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынаста өзіңіздің тұлғалық болмысыңызбен де үлгі бола отырып әсер ете аласың. Яғни қандай болу керектігін айтқан­нан гөрі, өз тәжірибеңізбен көр­­сете білген неғұрлым тиім­ді. Әрине, бұл ретте педаго­ги­калық білігіңізбен қатар, пси­хо­логиялық тұрғыдан білім алу­­шыларға қолдау көрсете алатындай болу керек. Қазіргі кезде студенттерге кей кездері қарапайым коммуникация, ара­­ласу жетіспей жатады. Бі­лім беру үрдісі, ғылыми ізде­ніс­терге арналған жоба дайын­дау барысында оқытушы сту­дент­тің қандай мәселесі барын бірден біле алады. Сондықтан сабаққа немқұрайды болу, қы­зы­ғушылықтың күрт төмен тү­суі, ортасының өзгеруі секіл­ді мәселелер бірден назарға алы­нып, дер кезінде жасалған пси­хо­логиялық көмек бірқатар мә­селенің алдын алатыны ақи­қат.

2. Пәннің мазмұнын жетіл­ді­ру оқытушының өз құзырында, ол қозғалыстағы процесс. Егер кемшін тұстары болса, өзгер­тіп, жетілдіріп тұруға мүмк­ін­діктер бар. Қазіргі заман ақпа­рат­тың ағыл-тегіл ағынының за­маны, аудиториядағы бір дә­рістің көлемінде әлемде бір­неше жаңалық болып жатады. Оқытушы мен студенттің ала­тын ақпарат көзі тең, студенттің назарын өзіңде ұстап, таңғал­ды­ра қою өте қиын, дегенмен бар ақпаратты сыни көзқарас тұрғысынан ой елегінен өткізіп, сараптама жасай алу, оған баға беруге үйрету және оны бо­ла­шақ қызметінде, кәсібінде пай­да­лана білу, қабілетті дағ­ды­ландыру – бұл басқа мәселе. Қа­зіргі кезде әлеуметтік-гума­ни­тарлық бағыттағы оқыту­шы­лар үшін тіпті қиын, себебі ақпарат, осы бағыттағы жаңа­лық тез өзгеріп отырады. Бұл ретте цифрлық технологияның озық үлгілерін, жаңа әдістерді меңгеріп, оқу процесінде пай­да­ланған абзал. Осы ретте курс­тарды беру барысында жұ­мыс берушілердің ұсынысы­на және олардың бізге айтатын талаптарына ерекше назар са­лып отырамыз. Мәселен, қа­зіргі кезде жастардың басым бөлігі өзіне қажетті мәліметті әлеу­меттік желіден алуға бе­йім. Себебі бұл қолжетімді, тез, ың­ғайлы. Қолда ұялы телефон болса жеткілікті. Сондықтан дін мәселелері бойынша да са­палы, тартымды контент да­йын­дау сұранысы туындап жа­тыр және осы контентпен та­ныс­қан оқырманға коммен­та­рий, бағыт-бағдар беруші дінтанушы-блогерлерге сұра­ныс артуда. Пәнді жетілдіру үшін үнемі ізденіс үстінде болу керек және қоғам сұраныс­та­рына жауап бере алатындай ма­мандарды дайындауға қа­жетті бағдарламаны жетілдіріп отыру керек.

3. Жұмыс болған соң, же­тіл­діруге назар аударатын жағы болатыны табиғи құбылыс. Ең бастысы, сол кемшіліктерді кө­ре біліп, соны түзете білу қа­жет. Өз салам тұрғысынан айт­қым келетіні: әрине, теориялық білімнің практикамен тығыз байланысына назар аудару керек. Семинар сабақтары, прак­­тикалық дәрістер тәжіри­бе­лік ортада өткені тиімді. Мә­селен, дерадикалдандыру бо­йынша теориялық білім сол орта­лықтардың жұмысына ете­не жақын араласқан фор­мат­та болғаны дұрыс. Ал бізде бұған рұқсат немесе арнайы жұмыстардан соң ғана араласа алу мүмкіндігі бар. Бұған қоса, материалдық-техникалық база жағы да алдыңғы қатарлы университеттердің деңгейіне жете алмай жатқан жағы да жоқ емес. Студенттердің бір­қа­­тары шетелдік ун­иверси­тет­тердің қабырғаларын көріп, оң-солын танып қалған. Бұған қоса, ғаламторда барлық мәлі­меттер тұр. Сондықтан бұл да ма­мандықтың беделіне әсер етеді. Сондай-ақ білікті маман даярлауда жұмыс берушілер­мен тығыз байланыс болғаны дұ­рыс. Болашақты болжай ала­тын­дай стратегиялық ма­ман­дарды даярлау қажет. Сту­денттердің шет тілдік ком­пе­тент­тілігі де қазіргі кезде оқы­ту­шылардан басым түсіп оты­рады, сондықтан мате­риал­дарды зерттеу бары­сында да білім алушылардың мүм­кін­дігі көбірек. Сондықтан жан-жақты мәліметтерді, үл­кен де­ректерді, жаңа тех­н­оло­гияларды қолдана отырып, білім беру және білім алушы­лар­ды сараптамалық құзырет­ті­ліктерге үйреткен жөн.

4. Жастар болғанда, бұл жер­де студент жастар немесе мек­теп бітіре сала жұмысқа тар­ты­лып кеткен, не өз орнын таба алмай жүрген жастардың білім деңгейі туралы айту ке­рек. Студент жастар бізге мек­теп­тен алған білім қорымен келеді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл тек жас­тардың ғана емес, біздің мек­тептердің де көр­сет­кіші болып та­былады. Ал жо­ға­ры оқу ор­нына түскен соң, оны шыңдай білу, өз бетінше іздене білу, із­де­ніске деген ерік-жіге­рі­нің мық­ты болуы өзіне бай­ла­нысты. Қазіргі жастар өзіне өмірде керекті дүниені аңдай алады және соған қол жет­кізу­г­е мақсат қоя біледі. Жас­тар­дың білім дең­гейі көңілімнен шы­ға­ды. Де­генмен кей кездері жақ­сы білім жинақтағанмен, руха­ни-адам­гер­шілік тұстары ой­лан­дырады. Құндылық жа­ғы­нан қынжыл­та­тын тұстары бар­шылық.

5. Ақпараттың мол легінен қажетсіз дүниелерге әсерленіп кетіп барады деуге болады. Бұл рухани негіздерді аса жетік білмеуден орын алады. Мәсе­лен, биыл Қазақ ұлттық уни­вер­ситетіне 1-курсқа 10 мыңға жуық студент қабылданды. Біз, Дінтану және мәдениет­тану ка­федрасы, университет бойын­ша «Мәдениеттану» пәнін жүр­гіземіз. Студенттер­дің са­на­сына ықпал ету, дұрыс жолға бағыттау, мәдениетіміз туралы жақсы ақпарат беріп, қа­зақы дүниетанымды дәріп­теу мақсатында студенттермен жұмыс істеу методикасын жа­ңарттық: өзіндік жұмыстарға музей, театрға, мәдени ес­керт­к­іштер және т.б. орындарға барған соң ғана орындай ала­тын тапсырмалар және т.с.с. мәдениетімізге тереңдей түсе­тін тапсырмалар беріп, кері байланыс жасап отырдық. Бұл 10 мың студенттің 10 мың до­сы, 16 мың ата-анасы мен ба­уы­ры, осыншама ата-әжесі, туы­с­тары бар деген болжам­мен алсақ, осы ортаға қосқан кішігірім үлесіміз болса деген ниет болған еді. Себебі соңғы уақытта дінді алға тартып, бұрын-соңды мәдениетімізде бол­маған оғаш дүниелер айты­лып, соны қоғамның жігін ажы­ра­туға пайдаланып жатқандар да жоқ емес. Мұндай жағ­дайдың басты себебі – өзімізді терең тани алмауымыздан да бо­лып тұр. Өзіміздің тұнып тұр­ған бай мәдениетіміз бен тарихымызды місе тұтпай, үлгі тұтар дүниелерді сырттан іздеуімізден болып тұр. Барды білмеу мен жоқ дегеннің арасы бірдей емес. Барды білмеуден жоқ деп санап, басқа мәде­ниет­тің жетегінде кетуден сақ­тану – осы міндет қоғамның сауатсыздануынан сақтайды деп айта аламын.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ