ҚазҰУ «Жер сағаты» дүниежүзілік акциясына қолдау білдірді

23.03.2024

Көрулер: 116

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық «Жер сағаты» экологиялық акциясына қолдау білдірді. 20 наурыз күні кешкісін оқу ордасындағы заң факультетінің, экономика және бизнес жоғары мектебі оқу ғимараттарындағы жарықтар толық сөндірілді. Мақсат –  энергияны үнемдеу, табиғатқа және ғаламшар ресурстарына жауапкершілікпен қарау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап», – деп атап өткен болатын.

«Жер сағаты» – дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бастамасымен 2007 жылдан бері бүкіл әлемде өткізіліп келе жатқан ең ауқымды халықаралық экологиялық шара. Бүкіл әлем бір сағатқа электр қуатын өшіреді. Жыл сайын бұл акцияға 200-ге жуық мемлекет қатысады. Қазақстан үшін «Жер сағаты» биыл 15-ші рет өткізіліп отыр.

Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағытын жүзеге асыру бойынша «Энергияны үнемдейік» акциясы жүруде. Акция барысында түрлі іс-шаралар өткізіліп, TikTok желісіне видеоконтенттер түсіріліп, челлендждер мен флешмобтар өтеді. Бұл бастама электр энергиясын үнемдеу және басқа да ғаламшар ресурстарын тиімді пайдалану қажеттігін еске салады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі