ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
Көрулер: 114

ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ
Бүгін – елімізде Ғылым қызметкерлерінің күні.
Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Яғни 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Біз ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымдарымызды мақтан тұтамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылым саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Соның бірі 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Құрметті ғалымдар! Ғылым саласының қызметкерлері!
Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас қуат, ізденіс жолында шабыт және толағай табыстар тілеймін!
Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымының кандидаты
ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ – БІЛІКТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУДЫҢ КЕПІЛІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғылымды дамытудың өзекті бағыттарына назар аударды: ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін пайдалану; экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізу, жасанды интеллектіні жедел дамыту, университет ғылымын және инфрақұрылымын дамыту, ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңін бастан кешуде. Еліміздегі ғылымның ұлттық экономикадағы орны үлкен және оның маңызы арта бермек. Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әлемдік жаhандану кезеңінде ғылымдағы инновация жетістіктері цифрлық технология, жасанды интеллект т.б. еңбек өнімділігі жоғарылап, бәсекелестік артуда.
Үкімет жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеушілік бағытын қолдап, қажетті шаралардың барлығын жасап отыр. Зерттеу университеттері ұлттық экономиканың дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық бола отырып, зерттеулер нәтижелерінің сапасын арттыру арқылы өндіріспен тығыз байланысты орнату қажет. Бүгінгі кезде бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары, сұранысқа ие болатын мамандар даярлау өте маңызды. Мемлекет жоғары оқу орындары инфрақұрылымын жаңарту бағытында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынатынын және зертханаларды заманауи құралдармен жабдықтау бағытында қаржы бөлетін болды. ҚазҰУ білім мен ғылымды ұштастыра жүріп, жеткен жетістіктері бойынша әлемдегі үздік 150 жоғары оқу орындары қатарына қосылды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыруда және жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінде тағылымдамадан өтіп жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің құрылғанына 75 жылдығы кезеңінде «Менеджмент» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтарының білім алушылары бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болуда. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жүзеге асыруда.
Менеджмент кафедрасының профессор-оқытушылары ғылыми зерттеулер жобаларына қатысып, жетекші ғылыми басылымдарда зерттеу еңбектерін жариялауда. Сонымен қатар профессор-оқытушылардың халықаралық қауымдастыққа енуіне де үлкен көңіл бөлініп отыр. Алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтармен өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастық үрдістері нығая түсіп, халықаралық білім беру кеңістігі мен ғылыми-зерттеу жобаларында ғалымдарымыздың танымалдығы артуда.
Менеджмент кафедрасының профессор-оқытушы ғалымдары ел Президентінің ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айқындаған ғылымның дамуының басты бағыттарын қолдай отырып, оның табысты жүзеге асуына өз үлесімізді қосамыз.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Менеджмент кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы
СӘТБАЕВ САЛҒАН САРА ЖОЛ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, осы мерекемен байланысты ғұлама ғалым, заңғар тұлға, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, Сәтбаев салған сара жолды жалғастыру қажет екенін айтты. «Ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек» дей келе, Ахмет Байтұрсынұлының «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» екеніне назар аударды.
Елімізде ғылым саласында жасалған жұмыстарға тоқтала келіп, ел Президенті ғылыми әлеуетімізді нығайту бойынша бес тапсырма берді. Соның ішінде университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет дей келе, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ үшін кампустар салынатынын, ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылатынын айтып, университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажеттігіне мән берді.
Сонымен қатар ғылыми атағы бар мамандардың үлесін арттыру, ЖОО ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткішін ұлғайту, бюджет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажеттігіне назар аударды.
Ал ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесінің өзектілігіне назар аударып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдау, ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеуге тапсырма беріп, шетелдік ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырды.
Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер.
Парламентте талқыланып жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасында ғылымды дамытудың озық механизмдері көрініс табады деп сенеміз.
Мира БАЛТЫМОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНИКАЛЫҚ КАДРЛАР ДАЯРЛАУДЫҢ ҰЛТТЫҚ МОДЕЛІ ӘЗІРЛЕНЕДІ
Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында елде соңғы уақыттарда орын алып жатқан табиғи апаттардың себептері мен салдарын Отанымызда ғылымға, оның өткені мен бүгінгі әлеуетіне, инфрақұрылымына қажетті деңгейде назар аудармағанымыз бен қолдау көрсетпегеніміздің айғағы деп көрсетті. Сонымен қатар отандық ғылымды дамытуға байланысты бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, орындалуға тиіс міндеттерді айқындады. Бастысы – ғылымның техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруінен болатын қауіптердің алдын алу, салдарымен күресудің ғылыми-тәжірибелік дәйектемелерін, әлеуетін барынша пайдалану маңызды деп санайды.
Президент университеттердегі кадр тапшылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы, өндіріс орындарымен тұрақты байланыстың жолға қойылмағанын жеткізді.Үкіметке ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізу, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдарын экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлау ісіне жұмылдыру, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданғанын және Сейсмология институтының ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты үкіметке нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырғанын айтты.
Тағы бір мәселе – жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік бар. Мықты университеттер Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкелетінін айтты. Қорытындылай келгенде, ел басшысы қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын атап өтіп, түйткіл мәселелер шешімін тауып, ғылымның дамуына зор серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ сөзінің соңын «ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады» деп түйіндеді.
Ілияс ҚҰЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
ҒЫЛЫМ ДАМУЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
Қазіргі уақыттағы әлемде табиғи апаттардың орын алуы, жаһандық климаттың өзгеру жағдайлары, жер сілкінісі, су тасқыны еліміз үшін үлкен зардаптар мен шығындарға әкелді. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде билік құрылымдарымен қажетті қалыпқа келтіру іс-шаралары жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар халықтың қолдауымен елімізде белсенді азаматтардың көмек іс-шаралары да ұйымдастырылуда. Еліміздің алдында азаматтарымыздың амандығы, әл-ауқат, тұрмыстық жағдайларын қалыпқа келтіруге қолдау жасау маңыздылығы артып отыр.
Табиғатта орын алатын осындай төтенше жағдайларда апаттың алдын алу, себеп-салдарын айқындау, болжау, тиімді іс-шараларды ұйымдастыруда ғылыми зерттеу орындарының, тәжірибелі ғалымдардың рөлі өте маңызды. Президентіміздің: «Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек», – деген пікірімен толық келісемін.
Ғылым саласын дамыту – ғалымдардың жалақысын жеткілікті деңгейде көтеру, ғылыми зерттеу орталықтарының жұмыстарын қаржыландыру, ғылымға жастардың қызығушылығы мен ынтасының артуын мемлекеттік қолдаумен және жастардың білім деңгейінің бәсекеге қабілетті болу әлеуетімен тікелей байланысты болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің өркендеп дамуында ғылымның ел игілігі үшін қызмет етуіне басты назар аудара отырып, ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артатындығын атап өтті.
Әлемде ғылыми технологияның қарқынды дамуы, жасанды интеллект дамыту преспективасы қоғамының барлық саласына еніп, адамдардың тұрмыс тіршілігіне әсер етіп отыр. Сондықтан елімізде осы саланы дамыту мен игеру, халық игілігі үшін пайдалану маңызды бастама болатыны айқын.
Елімізде ғылым саласын дамытуда жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдықтарды толықтыру және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған мүмкіндіктерді арттыру, ғылыми кадрлардың сапасына көңіл бөлу маңызды бастама екеніне толық қосыламын.
Елімізге ғылым саласына шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тартумен қатар, жас мамандарымызды шетелде тәжірибе алмасуына, білімдерін жетілдіруіне мүмкіндіктерді жетілдіру де маңызды.
Дархан МАМЫТҚАНОВ,
философия және саясаттану факультеті
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы
с.ғ.к., аға оқытушы