ҚазҰУ ректорының АҚШ-қа жұмыс сапары басталды
Көрулер: 113

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары басталды.
Сапар барысында университет ректоры Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаевпен кездесу өткізді. Тараптар серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың АҚШ ЖОО-ларымен ынтымақтастығы туралы айтып берді.
«Бүгінгі таңда ҚазҰУ АҚШ-тың 18 жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. ҚазҰУ-дың маңызды халықаралық жобаларының бірі «Орталық Азия өңіріндегі GALS жүйесінің тәжірибесін кеңейту» болып табылады. Бұл жоба БҰҰ қамқорлығымен жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары ҚазҰУ-дың АҚШ университеттерімен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы дамып келеді. АҚШ ЖОО-ларымен үнемі онлайн және офлайн форматта кездесулер, жиналыстар мен халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Академиялық ұтқырлық пен қосдипломдық білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Ержан Нығматуллаұлы АҚШ жоғары оқу орындарымен іске асырылып жатқан бірлескен бағдарламалар туралы айтты. Сондай-ақ елші қос диплом бағдарламаларының түрлері, American Counsels-тің жұмыс істеуі, қазақстандық университеттердің АҚШ ЖОО-ларымен ынтымақтастығы туралы хабардар етті. Кездесу соңында Ержан Ашықбаев ҚазҰУ-дың 90 жылдығына орай, университетке арнайы баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі