ҚазҰУ ректоры Америкалық кеңес өкілдерімен кездесті

24.04.2024

Көрулер: 90

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңес (ACCELS) өкілдерімен кездесу өткізді.

Жүздесуге кеңестің атқарушы директоры және президенті Лиза Чоут, Америкалық кеңестерді зерттеу орталығының директоры Дэн Дэвидсон, «Флагман» бағдарламасының академиялық директоры Мария Лекич, «Флагман» бағдарламасының менеджері Александр Таллок, Ресей, Молдова, Моңғолия, Польша, Румынияның аймақтық директоры Картер Джонсон, Шет тілдері бағдарламаларының вице-президенті Брайан Гибсон және т.б. лауазымды тұлғалар қатысты.

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университеттің АҚШ ЖОО-ларымен байланысы күн санап артып келе жатқанын айтты.

 

«Қазіргі таңда ҚазҰУ АҚШ-тың 18 жоғары оқу орнымен байланыста. Оқу ордасына арнайы Америкадан келіп, дәріс беретін профессорлардың саны күн санап артуда. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың бір топ ғалымы «Болашақ» бағдарламасы аясында «500 ғалым» жобасы арқылы АҚШ-та тағылымдамадан өтіп жатыр. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы оқытушылар мен студент алмасу жұмыстары дамып келеді. Аталған жұмыстар болашақта да жалғасын табады деп сенемін», – деді ректор.

Өз кезегінде кеңестің атқарушы директоры және президенті Лиза Чоут пен Америкалық кеңестерді зерттеу орталығының директоры Дэн Дэвидсон сөз сөйлеп, ҚазҰУ-мен серіктестікті арттыруға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Кездесуден соң Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңес (ACCELS) өкілдері алдағы уақытта ҚазҰУ-ға арнайы жұмыс сапарымен баратындарын айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі