ҚазҰУ ректоры Джордж Вашингтон университетінің ғалымдарымен кездесті

24.04.2024

Көрулер: 86

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Джордж Вашингтон университетіне арнайы барып,  Эллиотт халықаралық қатынастар мектебінің (Elliott School of International Affairs) басшылығымен кездесу өткізді.

Жүздесуге Эллиотт халықаралық қатынастар мектебінің Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтының (IERES) директоры Генри Хэйл, халықаралық дамуды зерттеу бойынша магистратура бағдарламасының директоры Шон Робертс, Америкалық кеңестер (American Councils) басшылығы, «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтында зерттеу тағылымдамасынан өтіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлық құрамы және АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің өкілдері қатысты.

ЖОО ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жетістіктері туралы айтып, оқу ордасы мен АҚШ ЖОО-лары арасындағы тығыз қарым-қатынасқа тоқталды. Сонымен қатар өз сөзінде ректор ҚазҰУ оқытушыларының ғылыми тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік бергені үшін Джордж Вашингтон университетінің басшылығына ризашылығын білдірді.

Келіссөз барысында тараптар болашақта өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, білім беру және зерттеу бағдарламалар санын бірлесіп арттыруға, ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және ғылыми зерттеу мақалаларды Scopus және Web of Sciences деректер базасына кіретін жоғары деңгейлі ғылыми журналдарда жариялауға, студенттер алмасуға уағдаласты.

Кездесу соңында оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев Эллиотт халықаралық қатынастар мектебінің басшылығын ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында өткізілетін биылғы іс-шараларға қатысуға шақырды.

Жүздесуден соң ҚазҰУ басшысы Джордж Вашингтон университетінің Эллиотт халықаралық зерттеулер мектебіндегі «Абайтану» орталығында болып, оның жұмысымен танысты. Виртуалды орталық қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай, 2020 жылы ашылған болатын. Мақсат – ұлы ойшылдың шығармашылығында көрініс тапқан қазақ мәдениеті мен тарихы туралы кеңінен мағлұмат беру. Мұнда ақын шығармаларымен және қазақ мәдениетімен танысуға болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі