ҚазҰУ-дан Оралға 20 тонна гуманитарлық көмек жетті

30.04.2024

Көрулер: 121

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жіберген 20 тонна гуманитарлық көмек Орал қаласына жетті. Жәрдемді ҚазҰУ басшылығы арнайы Орал қаласына барып, жауапты  мамандарға табыстады.

Жергілікті еріктілердің көмегімен жаңа киім-кешектер, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, карематтар,  бұзылмайтын тағамдар, ауызсу, төсек-орын жабдықтары, резеңке етіктер мен қолғаптар эвакуациялық пунктте орналасқан тұрғындарға бөлініп берілді.

Қиын-қыстау уақытта қол ұшын созып, жәрдем көрсеткені үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына Батыс Қазақстан облысының тұрғындары алғыстарын жеткізді.

Бұдан бөлек, көшбасшы университет су тасқынынан үйлері зардап шеккен 50 студентке 100 мың теңгеден жәрдемақы тағайындады.

Естеріңізге сала кетейік, 9 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен оқу ордасының базасында арнайы қайырымдылық пункті ашылған болатын.

Университет қызметкерлері, оқытушылары мен студенттерінің көмегімен жәрдем қабылдау орталығында 5 млн-ға 20 тонна  гуманитарлық көмек жиналған еді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі