Ректор жатақхана қызметін тексерді
Көрулер: 88

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қалашықтағы жатақханаларды аралап, қызметін тексерді.
Оқу ордасының басшысы жатақхана меңгерушілерімен, күзетшілермен және білім алушы жастармен тілдесіп, көкейкесті мәселелерін тыңдады.
Сондай-ақ студенттер үйіндегі асханалар мен оқу залдарын, жатын және жуынатын бөлмелердің тазалығын тексеріп, жиһаздардың орналасуы мен студенттерге көрсетілетін қызмет сапасына назар аударды.
Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға жатақханада студенттерге өз үйіндегідей қолайлы жағдай жасалуы қажет екенін ескертті. Сондай-ақ студенттер үйіндегі душ бөлмелерінің үздіксіз жұмыс істеп тұруын тапсырды.
Бұдан бөлек, жатақхана меңгерушілеріне әр қабаттағы оқу залдары студенттердің емін-еркін сабақ оқулары үшін әрдайым ашық тұруын нақтылады.
Өндірістік қамтамасыз ету департаментіне барлық студенттер үйіндегі бөлмелерде, дәліздерде орналасқан жиһаздарды жаңарту тапсырылды.
Өз сөзінде ректор қалашықтағы барлық жатақханалардағы тазалық жұмыстарын бақылауда ұстайтынын ескертті.
Айта кетейік, қазіргі таңда ҚазҰУ-да 15 жатақхана бар. Онда 6 мыңға жуық студент орналасқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі