ҚазҰУ ғалымы Римдегі ғылыми конференцияға қатысты

10.06.2024

Көрулер: 78

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Қалқаман Жұмағұлов La Sapienza Рим университетіне ғылыми іссапармен барды. Сапар барысында ол қазіргі заманның әлемдік тарихындағы итальяндық қоғамның түйткілді мәселелеріне арналған Convegno nazionale della societa Italiana di Storia Internazionale конференция жұмысына қатысып, Рим университетінің әдебиет және философия факультетінде болды.

Сапар аясында Қалқаман Жұмағұлов профессор Фабио Грассимен кездесті. Ол әріптесіне 2024 жылдың ақпан айында шыққан «Еуразия түркі әлемінің тарихынан» атты жаңа кітабын сыйға тартты. Кітап 2024 жылдың 15 қаңтарында бастау алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған. 

«Соңғы жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз қызметінің барлық салаларында оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу және басқа да маңызды бағыттарда үлкен серпіліс жасады. Жақында ғана Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 67 позицияға жоғарылап, QS әлемдік рейтингінде 163-орынды иеленді және әлемнің үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына енді. Университетіміздің ректоры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Түймебаев өз сөзінде «ҚазҰУ барлық көрсеткіштер бойынша жоғары жетістіктерді көрсете отырып, қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұр» деп атап өткен болатын», – деді профессор Қалқаман Жұмағұлов.

Профессор Фабио Грасси ҚазҰУ ұжымын университеттің 90 жылдығымен құттықтап, ол профессор Қ.Жұмағұловтың шақыруымен ҚазҰУ-да студенттерге дәріс оқып, Астанада Қазақ хандығының даңқты мерейтойына арналған халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасағанын атап өтті.

«La Sapienza және ҚазҰУ дипломдарымен үздік магистранттар университеттер арасында магистранттарға арналған қос диплом бағдарламасы аясында білім алып, үлкен өмірге қадам басатыны қуантады. Жақында ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев бізге келіп, екі университеттің одан әрі интеграциялануына жаңа серпін берді», – деді профессор Фабио Грасси.

Профессор Қ.Жұмағұлов қазіргі заманның әлемдік тарихындағы итальяндық қоғамның түйткілді мәселелеріне арналған Convegno nazionale della societa Italiana di Storia Internazionale конференциясында баяндама жасады.

Еуропада библиографиялық сирек кездесетін кітаптар мен ежелгі қолжазбалар бойынша бірінші орын алатын Ватикандағы Ватикан Апостолдық кітапханасының қоры мен кітап қоймаларында профессор Қ.Жұмағұлов Алтын Орда тарихы мен оның мұрасы бойынша ғылыми-іздестіру жұмыстарын жалғастырды. Рим папаларының хаттары, сондай-ақ латын, ерте неміс және скандинав тілдеріндегі сирек шежірелер, материалдар, қолжазбалар ғалымның жұмысындағы ерекше дереккөздер болып табылады.

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі