Корей Sai.Tech Global Corporation өкілдері ҚазҰУ-ға келді
Көрулер: 46
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев SAI GROUP компаниясының негізін қалаушы әрі төрағасы Артур Ли бастап келген SAI.TECH GLOBAL CORPORATION корпорациясының өкілдерімен кездесті.
Делегация құрамын қарсы алған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Қазақстан мен Корея арасында ғылыми-білім беру саласында тұрақты байланыс барын атап өтті. Қазір Корей елінің университеттерімен бірлескен ғылыми жобалар, сондай-ақ ішкі-сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламалары табысты іске асырылуда. Бүгінде ҚазҰУ Оңтүстік Кореяның 55 жоғары оқу орны және ұйымдарымен белсенді стратегиялық ынтымақтастыққа ие. Жетекші корей ғалымдары университетіміздің PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік етуге және дәріс оқуға тартылды. 2022 жылы ҚазҰУ-ға Сунмен университетінің үш профессоры келді, соның бірі, профессор Ли Бенг Джо ұзақ мерзімді оқытушылық қызметпен айналысуда. Университетте Корея елінің тарихы, мәдениеті, саясаты, экономикасы және корей тілін үйрену мен оны жан-жақты зерттеуге бағытталған Халықаралық корейтану орталығы да табысты жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
Өз кезегінде Орталық Азия мен Ресейдегі CNPC президенті Биан Дыжы мырза университет басшылығының қабылдауына алғысын білдіріп, QS рейтингінде әлемдегі үздік ЖОО-лар арасында 163-орында тұрған ҚазҰУ-мен серіктестікті одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Жүздесу барысында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылап, білім, ғылым саласындағы ынтымақтастық бағыттарын дамыту бойынша өзара пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі