Өзбекстан университеттерімен серіктестік нығаяды

03.06.2025

Көрулер: 10

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасы жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің бірінші орынбасары Шахрух Далиевпен келіссөз жүргізді.

Тараптар ҚазҰУ мен Өзбекстан ЖОО-лары арасындағы серіктестікті дамыту, сонымен қатар білім мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу бойынша пікір алмасты.

Кездесуде оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев Өзбекстан университеттерімен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өз сөзінде ректор бүгінгі келіссөз жаңа мүмкіндіктер мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттыруға тың серпін беретінін атап өтті.

Жүздесу барысында Шахрух Далиев Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға министрлік тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Бауырлас мемлекеттің ғылым және жоғары білім бағытындағы ынтымақтастығы болашақта да жоғары деңгейге жететініне сенім білдірді.  

Сондай-ақ білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Кувандик Кадировпен кездесу өткізді. Жүздесуде қос тарап болашақта тығыз байланыс орнатуға әрқашан дайын екендіктерін жеткізіп, ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі