ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Көрулер: 21

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы мен Білім күні қарсаңында салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында жас ғалымдарға тұрғын үй сертификаттары табысталып, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері марапатталды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ашып, жас мамандарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті: «Біз елімізде ғылымның дамуына қажетті барлық жағдайды жасауға ұмтыламыз және бұл жолда ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – маңызды бағыттардың бірі. Мақсатымыз – жас мамандарды қолдау ғана емес, сонымен қатар олардың жаңа жетістіктерге жетуіне шабыт беру. Жайлы өмір сүру және кәсібилікті шыңдау ортасын құру – ғалымдарымыздың әлеуетін ашып, Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді деп сенеміз», – деді вице-министр.
Салтанатты рәсім барысында түрлі ЖОО оқытушыларына сегіз тұрғын үй сертификаты табыс етілді. Солардың қатарында ҚазҰУ-дың екі қызметкері – ақпараттық технологиялар факультетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы Жансая Дүйсенбекқызы және тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Айбүбі Дүйсебаева тұрғын үй сертификаттарына ие болды. Оларға Алматы қаласындағы жаңа тұрғын үй кешендерінен заманауи, жайлы пәтерлер берілді. Бұл – олардың ғылым мен білім саласына қосқан үлесінің жоғары бағалануы.
Сондай-ақ осы күні ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Тіл жанашыры», «Ғылым үздігі», «Ахмет Байтұрсынұлы» медальдары, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 13-тен астам оқытушы, ғалым және қызметкері бар.
Жоғары марапаттарға ие болған оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер министрлік пен университет тарапынан көрсетілген қолдау мен назар үшін ризашылықтарын білдірді. Салтанатты шара қатысушылардың естелік фотосуретке түсуімен аяқталды.
Барлық марапат иелерін шын жүректен құттықтап, ғылыми жолда жаңа табыстар тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі