Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Көрулер: 67
ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР АЙТЫЛДЫ

Президент жолдауда әлемдік күрделі геосаяси жағдайға байланысты өз пікірін білдіре отырып, әлемдегі әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер мен қайшылықтарға тоқталды. Біз жаңа дәуірге аяқ басып отырмыз. Кейбір елдердің ЖИ саласында теңдессіз табысқа жетуі экономикалық тұрғыда көшбасшы болудың басты шартына айналды. Осы трендті ескеріп, Мемлекет басшысы жаңадан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы шешім қабылдады. Бұйыртса, Қазақстан үш жылда цифрлық ел болуы керек. Барлық салада ЖИ-ді кең қолдану әрі цифрланудың жаңа қарқыны ұстаздар қауымына жаңа құзыреттілікті игеруді талап етеді. Біз жолдаудан ЖИ-дің елдің инновациялық дамуы мен цифрлық дербестігі үшін стратегиялық мәні зор екенін түсіндік.
Президент жолдауында ЖОО-ларға қойылған басты талап – ғылым мен инновацияға негізделген сапалы білім беру. Университеттер еңбек нарығына тікелей жұмыс істейтін, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы ғылымына байланысты сын-ескертпелері өзге ғылым салаларына да қатысты. Мәселен, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр екен. «Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен жердегі тіршіліктің арасында алшақтық бар», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Жыл сайын мыңдаған жастар оқу бітіріп шығады. Алайда олардың көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Тез табыс әкелетін салаға ауысып кетеді. ЖОО түлектерінің мамандық бойынша жұмыс істеуі өте маңызды әлеуметтік мәселе.
Мемлекет басшысы су мәселесін шешудің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды іс екенін айтып өтті. Су дипломатиясымен айналысатын мамандар керектігіне тоқталды. Су – стратегиялық маңызды ресурс. Оны үнемді қолдану ұлттық идеологияның өзегі болуы тиіс. Жастар арасында мұны түсіндірудің қажеттілігі, оны идеологиялық жұмыстың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынды. Ата-бабаларымыз Ұлы далада отырықшылдықтан гөрі, негізінен, көшпелі шаруашылықпен айналысса да, судың қадірін жақсы білген. Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деген қанатты сөзді тудырды. Бүгінде су тапшылығы ғаламдық мәселеге айналып отыр. Экологиялық мәдениет мектеппен қатар, ЖОО-да оқу-тәрбие жұмысының маңызды бір бөлігі болуы тиіс.
Қорыта айтсақ, бүгінгі жолдауда елдің тағдырына қатысты өзекті әрі ауқымды үлкен мәселелер көтерілді. Оның әрқайсысы арнайы талқыланатын әрі жеке түсіндірілетін тақырып.
Жарас Сейітнұр,
психология ғылымының кандидаты,
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ЖАҢА СЕРПІН

Бүгін Мемлекет басшысының жолдауын тыңдай отырып, еліміздің дамуындағы ғылым, білім және инновация саласына ерекше көңіл бөлінгеніне қуандым. Президентіміздің «Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр» деген сөзі жоғары оқу орындары үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мүмкіндік.
Біз үшін бұл жолдау – жаңа межелерге ұмтылуға шақыру. Университет ұжымымен бірге Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға дайынбыз. Әсіресе жастардың ғылыми әлеуетін ашу, озық технологияларды игеру және қоғамға нақты пайдасы бар жобаларды дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргіземіз.
Білікті, саналы мамандар – ел болашағының кепілі. Сондықтан біз әр студенттің талантын ашып, елге пайда әкелетін азамат болып қалыптасуына жағдай жасауымыз керек.
Президент жолдауында белгіленген міндеттер – біз үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Бірлесіп еңбек етсек, Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған елге айналдыра аламыз.
ОМАРОВ Бақытжан Бауыржанұлы,
Басқарма мүшесі-әлеуметтік даму жөніндегі проректор міндетін атқарушы

ҰЛТҚА БІЛІМДІ ҰРПАҚ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы Үшінші бағдарда: Ел болашағына арналған стратегиялық инвистиция бойынша маңызды мәселе – білім беру жүйесі екендігі айтылды.
Білімді ұрпақ – болашақ кепілі болғандықтан ұрпағымызды интеллектуалды, білікті, бәсекеге қабілетті болу бағытында дайындау қазіргі таңдағы басты міндеттер қатарында болғандығын жолдауда нақты көрсетілді. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалғандығы да басты мәселе ретінде қарастырылды.
Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлау бағыты да қарастырылды. Сонымен қатар маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Қабілетті де білімді ұрпақты бәсекеге, жетістіктерге жеткізу бағытында дайындай отырып ұлтқа қызмет етуге тәрбиелеу біздің басты міндет екендігін айқындай аламыз. Мемлекет басшысының барлық бастамаларына сенім білдіреміз және қолдаймыз.
Хасанаева Л.М., т.ғ.к.
Қазақстан тарихы кафедрасының
қауымдастырылған профессоры,
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ДРАЙВЕРІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауын тыңдап отырып, елдің бүгіні мен болашағы туралы ойы, Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі бізді бейжай қалдырмады, осындай асыл қасиет әрбір азаматтың да бойында табылса деген көзқарас оянды. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылуды Президент жолдауынан жан-жақты қозғап, қазіргі уақыттағы ұлттық сана, таяу жылдардағы міндеттерге қатысты бірқатар мәселе айтылған. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілетімен айқындалады. «Прагматизм» - өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деуі де Мемлекет басшысының жастарға үлкен бағдар бергені деп білеміз. Студенттерге қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, керсінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану және үнем іздену көргенділікті көрсетеді деп түсіндірдім. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген». Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Кез келген білімді жас өмір табалына сай мамандықты өзгертіп, нарықтық экономикаға бейімделу керек. Ең бастысы, болашақтың капиталы білім екендігін түсініп, үнемі ізденіс пен нәтижеге қол жеткізу жағынан жетілдіру уақыт талабы екенін ұққан жөн. Қазақстанның алдына қойған басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, елді жаһандық аренада бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті (ЖИ) кеңінен енгізу қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ технологиялары экономиканың барлық саласына серпін береді:
• өндірістің тиімділігін арттырады;
• мемлекеттік басқаруды оңтайландырады;
• жаңа инновациялық өнімдер мен қызметтердің пайда болуына жол ашады.
Қазақстан үшін бұл – шикізаттық тәуелділіктен арылып, цифрлық әрі инновациялық экономикаға көшуге мүмкіндік. Халықтың әл-ауқаты үшін ЖИ-дің енгізілуі тек экономикада ғана емес, әлеуметтік салада да маңызды рөл атқарады:
• Денсаулық сақтау – диагноз қоюдың дәлдігін арттыру, емдеуді жеделдету;
• Білім беру – жекелендірілген оқу бағдарламаларын әзірлеу, қашықтан сапалы білім беру;
• Қызмет көрсету – мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру арқылы халыққа қолжетімділікті арттыру. Президент атап өткендей, Қазақстан алдағы үш жыл ішінде цифрлы мемлекетке айналуы тиіс. Бұл үшін:
• ұлттық ЖИ стратегиясын қабылдау;
• заманауи инфрақұрылым мен деректер орталықтарын құру;
• IT-мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру;
• ғылыми-зерттеу мен инновациялық стартаптарды қолдау қажет.
Білім әр адамның рухани азығы. Жайлы өмір сүру үшін саналық тұрғыдан өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала беретіндігі анық, сол үшін біз үнемі жетіліп, ізденіп, дамып отыруымыз қажет-ақ. Жасанды интеллект – Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытудың стратегиялық тетігі. Озық технологияларды дер кезінде игеру еліміздің әлемдік көшбасшылар қатарынан орын алуына, ал халықтың тұрмыс сапасының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.
Б.ғ.к.,доцент Чунетова Ж.Ж.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҚСАРАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына бағытталған Жолдауы өзекті стратегиялық бағыттарды айқындап, елдің болашағын қалыптастырудағы негізгі мемлекеттік бастамаларды ұсынды. Жыл сайынғы дәстүрлі құжат ретінде бұл жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын, цифрлық трансформациясын және қоғамдық жаңғыртуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жолдау - Президенттің 8-ші Жолдауы, ал жалпы алғанда, Қазақстан президенттері тарапынан 27 Жолдау жарияланған.
Жолдауында жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық дамуды мемлекеттік басқарудың стратегиялық бағыты ретінде бекітіп, оған арнайы министрлік құрылатынын мәлімдеді. Жаңа министрлік - премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаратын сала ретінде қарастырылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық дамуды реттейтін «Цифрлық кодекс» қабылдауды жеделдету қажеттігін атап өтті.
Президент Жолдауда әлеуметтік қолдаудың атаулы және проактивті моделіне көшу міндеті қойылды. Мемлекет жыл сайын шамамен 4,5 млн адамды әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етеді. 2025 жылдың 7 айында 6 трлн теңгеден 3,4 трлн теңге төленді - оның ішінде зейнетақылар, мүгедектік, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар қамтылған. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау кезінде отбасылардың кірісі мен шығысы ескерілетіні, медианалық табыс көрсеткіші негізінде скорингтік модель енгізілгені, бұл үрдіс Шымкент пен Қарағанды облыстарында тестіленіп жатқаны айқындалды.
Жолдау сонымен бірге экологиялық бағыттарға да кеңінен тоқталды. Үкімет цифрлық экологиялық бақылауды енгізу, табиғатты қорғау технологияларын жетілдіру және заңнамалық базаны жаңарту шараларын қабылдаған. Ел көлемінде "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы ұйымдастырылып, онда 10,4 млн адам қатысты. Экобокс және фандоматтар арқылы қоқыс жинау жүйесі енгізіліп, 129 мектепте экобокс орнатылды. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған түбіне 48,7 млн сексеуіл көшеттері егілді. Бұл өз кезегінде экологиялық ахуалды жақсартады деп күтілуде.
2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдау әлеуметтік әділеттілікті нығайту, цифрлық трансформация және экологиялық тұрақтылық салаларын кешенді түрде қамтыған стратегиялық құжат болып табылады. Ол халыққа бағытталған мемлекеттік қолдаудың әділдігі мен тиімділігін арттыруға, цифрлық басқару мен жасанды интеллектіні дамытуға, сондай-ақ экологиялық сана мен жауаптылықты қалыптастыруға маңызды серпін береді.
Г.А. Мейрманова, т.ғ.к.
Археология, этнология және музеология кафедрасының қауымдастырылған профессоры,

СУ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕСУРС ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында ең маңызды тақырыптардың бірі – су мәселесін көтерді. Бұл ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың басты факторы екені атап өтілді.
Басты мақсат – су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, цифрлық бақылау және жаңа технологиялар енгізу, Каспий теңізі мен басқа су айдындарын сақтау, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалануды арттыру.
Жолдаудан су мәселесіне қатысты негізгі қорытындылар:
1. Суды пайдалану мәдениеті төмен деңгейде.
Президент табиғи ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениеті бізде қалыптаспағанын ашып айтты. Біз суды тек технологиялардың ескіруінен ғана емес, ойлау тәсілімізден де жоғалтамыз. Мәселені отбасынан бастап, мектептен үйрету қажет. Тұрғындар арасында экологиялық сананы арттыру – бірінші кезектегі міндет.
2. Су шығыны өте көп.
Ескі суару каналдарында судың 50-60%-ы жоғалады. Есепке алу жүйесі ескірген, көптеген су бөлу нүктелері заманауи құралдармен жабдықталмаған. Инфрақұрылымның тозуы – су шығынын азайту үшін суару жүйелерін жаңғырту қажет. Бұл – экономикаға тікелей шығын және экологияға қауіп.
3. Су саласындағы цифрлық революция.
Жасанды интеллекті бар бірыңғай су ресурстарының цифрлық платформасы жасалады. Оның негізінде Ұлттық су балансы қалыптасады, бұл ұзақ мерзімді жоспарлау үшін маңызды қадам.
4. Экология және халықаралық ынтымақтастық.
Президент Каспий теңізінің деңгейі төмендеп бара жатқанын және бұл – үлкен экологиялық қауіп екенін ескертті. Осыған байланысты Қазақстан Каспий теңізін сақтау жөнінде мемлекетаралық бағдарлама ұсынбақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында су мәселелерін зерттеу орталығын құруды жоспарлап отыр. Аймақтық және халықаралық ынтымақтастық – Каспий, Арал, трансшекаралық өзендер бойынша бірлескен шешімдерсіз мәселені шеше алмаймыз.
5. Жетістіктер мен міндеттер.
Солтүстік Аралды құтқару тәжірибесі – үміт сыйлайтын мысал: су айдыны 36%-ға ұлғайды, су көлемі екі есеге жуық артты. Енді осы табысты басқа өңірлерде қайталау қажет.
6. Реформа және технологиялар.
Жаңа Су кодексі қабылданды, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде – бүгінде олардың қолданылуы 580 мың гектардан асты.
Ғылым мен кадрлар – гидрологтар, су ресурстары мамандары, инженерлердің рөлі артады, жаңа технологиялар мен модельдеу әдістері қажет.
Әр тамшы – маңызды!
Мемлекет тиісті шаралар қабылдауда, бірақ нәтиже – әрқайсымыздың қолымызда. Нақты әрекет, ғылым мен технологияға негізделген шешімдер қажет.
Жанар Жаңабаева,
«Метеорология және гидрология» кафедрасының аға оқытушысы

ҚАЗАҚСТАН АЛДАҒЫ 3 ЖЫЛДА ЦИФРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛУЫ КЕРЕК
Жолдауда Президент өте ауқымды міндет қойды: 3 жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – ел дамуының жаңа деңгейін айқындайтын нақты бағдар. Бүгінде цифрлық технологиялар қоғамға дендеп енді – экономиканы да, күнделікті тұрмыстық үдерісте де. Сондықтан дұрыс бағыт – артта қалмау, керісінше, әлемдік үрдістермен қатар алға қадам басу.
Өте маңызды әрі символикалық ұсыныс та айтылды – Жасанды интеллект пен цифрлық дамуға арналған жеке министрлік құру. Мұндай орган күшті бір арнаға тоғыстыруға, мамандарды біріктіруге және нақты жұмыс жүйесін құру үшін қажет. Өйткені цифрландыру дегеніміз тек электронды мемлекеттік қызметтер мен онлайн-қызмет ғана емес. Бұл – медицинадағы жасанды интеллект, өнеркәсіптегі автоматтандыру, білім берудегі жаңа тәсілдер. Егер осының бәрі орталықтандырылып үйлестірілсе, нәтиже әлдеқайда айқын болады.
Қазірдің өзінде біз цифрлық трансформацияның алғашқы жемісін сезініп отырмыз. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн қолжетімді, артық кезек пен қағазбастылық азайып отыр. Жаңа жүйелердің арқасында миллиардтаған теңге көлеңкеден шығарылды, яғни бұл қаражат ел игілігіне жұмыс істей бастады. Бұл – жай ғана абстрактілі сандар емес, бюджет пен қоғам үшін нақты пайда.
Цифрландыру тақырыбы, әсіресе, жастар үшін аса маңызды. Бүгінгі жасөспірімдер мен студенттер жаңа дүниені тез қабылдайды, IT саласында еңбек еткісі келеді, өз жобаларын іске қосуға ұмтылады. Ал мемлекет оларға осыған қажетті құралдарды беруі тиіс. Бұл тұрғыда стартап экожүйесін дамыту, мектептерге жасанды интеллект бойынша сабақ енгізу, жас мамандарды қолдау бағдарламаларын іске асыру – артықшылық емес, шынайы қажеттілік.
Алайда технологиялар өздігінен барлық мәселені шеше алмайды. Ең бастысы – цифрлық сауаттылық. Жаңа сервистер пайдалы болу үшін адамдар оларды қолдана білуі керек. Бұл тек жастарға ғана емес, ересек буынға да, мемлекеттік қызметкерлерге де, мұғалімдер мен дәрігерлерге де қатысты. Егер әркім заманауи құралдарды еркін меңгерсе, цифрландыру шын мәнінде жалпыға ортақ сипатқа ие болады.
Президенттің Жолдауы айқын, нақты бағдар берді: біз жылдам қимылдауымыз керек. Үш жыл – аса ұзақ уақыт емес, сондықтан әрбір министрлік, әрбір құрылым және бүкіл қоғам бұл міндетті шын мәнінде маңызды деп қабылдауы қажет. Әйтпесе жаһандық үдерістерден шет қалуымыз мүмкін. Дұрыс ұйымдастырудың арқасында бұл мақсатқа жетеміз, деді Президент. Бұл орайда Қазақстан инновацияларды жылдам игеріп, енгізе алатынын әлдеқашан дәлелдеді. Енді бастысы – қарқыннан таймау және алға батыл қадам жасау екенін айтты мемлекет басшысы.
Қанат Әуесбай,
журналистика факультетінің деканы
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫМЕН ҮНДЕСКЕН ЖАҢА БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ АШЫЛДЫ
8 қыркүйек 2025 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің геологиялық барлау саласын дамыту – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, еліміздегі кешенді аэро-геофизикалық зерттеулер ескірген. Заманауи цифрлық құралдарды пайдаланып жер қойнауының жаңа карталарын жасау қажет. Сонымен қатар халықаралық сараптаманы тарту маңызды.
Осы орайда ағымдағы жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде «Уран ісі» және «Ядролық инженерия» атты жаңа білім беру бағдарламалары ашылғанын атап өткім келеді.
Бұл бағдарламалар Қазақстанның ядролық энергетикасы мен геология саласына қажетті жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталып отыр.
Нұрзада Бейсен,
физика-техникалық факультетінің деканы

ЖИ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ҚОЗҒАЛТҚЫШЫНА АЙНАЛЫП БАРАДЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Бұл шешім жаһандық үрдісті айқын көрсетеді: бүгінде ЖИ зертханалық тәжірибеден шығып, энергетика мен көлік сияқты инфрақұрылымдық маңызы бар салаға айналуда.
Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, жасанды интеллект технологияларын енгізу бес жыл ішінде еңбек өнімділігінің орташа жылдық өсімін 1,1%-ға арттыра алады. Дамыған елдер үшін бұл тұтас технологиялық революцияның әсерімен тең. Ал Халықаралық деректер корпорациясының (IDC) болжамынша, әлемдік ЖИ-ға жұмсалатын шығындар 2028 жылға қарай $632 млрд-қа жетеді, ал 2025-2029 жылдар аралығында орташа жылдық өсім шамамен 32% болады.
ЖИ-дың экономиканың жаңа қозғалтқышына айналып бара жатқандығының тағы бір дәлелі «ЖИ-бумның» символына айналған NVIDIA компаниясын айтуға болады. 2025 жылдың шілдесінде ол әлемде алғаш болып $4 трлн капитализацияға жетті. Бұл – ЖИ модельдерін оқыту мен қолдануға арналған есептеу қуатына жаһандық сұраныстың тікелей көрінісі.
Осы орайда дамыған елдердің де қолға алып жатқан инициативаларына тоқтала кетсек. Бүгінде АҚШ әкімшілігі энергетика мен инфрақұрылымға басымдық беруде. 2025 жылдың 14 қаңтарында ЖИ деректер орталықтарын кепілдендірілген энергиямен қамту туралы жарлық қабылданды. Көршіміз Қытай халық республикасы «төменнен жоғарыға» стратегиясын таңдады. 2024 жылдың соңынан бастап Білім министрлігі мектеп оқушылары үшін ЖИ сауаттылығын арттыру бағдарламаларын енгізді. Кейбір аймақтарда курстар бірінші сыныптан бастап міндетті пәнге айналды. Осылайша, Қытай жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын ұрпақты балалық шақтан тәрбиелеуде.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ саласындағы тиімді саясат үш «тірекке» негізделеді: Инфрақұрылым – деректер орталықтары, энергетика, есептеу қуатына қолжетімділік. Кадрлар – мектептен бастап мамандарды даярлау. Реттеу – бизнес пен қоғам үшін «ойын ережелерін» қалыптастыру. Сондықтан, бүгінгі жолдаудағы жаңа министрлік құруға қатысты Президентіміздің тапсырмасы жоғарыда айтылған үш бағытты бір арнаға тоғыстыру арқылы адами капитал мен инфрақұрылымдық шешімдердің өзара үйлесімділігіне қол жеткізу деп білемін.
Әмірхан Темірбаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Farabi Supercomputer Center директоры

ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУ БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ЖОЛДАУ
Еліміздің келешегі мен бәскелестікке толы даму жолындағы стратегиялық бағыттар мен шаралар аса маңызды. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы щешу» деп аталатын Жолдауында Президент қазақ елінің индустриалды-инновациялық даму жолында жасанды интеллект немесе цифрлы даму процесінен қалып қоймай, оны меңгеру қажеттігі басты назарда болатынын атап өтті. Арнайы логикалық жүйелер арқылы компьютерлік бағдарламада жүзеге асырылатын, адам интеллектінің жеке аспектісін ұдайы өндіретін техникалық жүйелер немесе жасанды интеллект тек адамзат қоғамын дамытып қана қоймай, әлемдік елдердің даму жолында бәсекелестікке итермелеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан дамыған елдерден үлгі ала отырып, дамушы ел ретінде алға ұмтылуы тиіс. Осы орайда еліміздегі білікті де білімді жастарды қолдау мен өз Отанына қызмет жасайтын жастарды тәрбиелеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе техникалық мамандықты меңгерген мамандарды ел экономикасына жұмылдыру маңызды мақсаттар санатына жатқызылды.
Бұл дегеніміз білікті мамандарды даярлайтыны орта, кәсіптік және жоғарғы оқу орындарына бағытталған мәселе болып табылады. Біліктілік – тек үздік білім иесі болып қана қоймай, білімді тәжірибемен ұштастыру, ғылыми ізденіп, өз жаңалықтарыңды ашу және тағы басқа іскерлік қабілеттерді дамыту. Сондай-ақ меңгерген білім, игерген дағды мен машықты өмірде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. Сондай маманға сұраныс та болады және ол ел экономикасын өрістетуге тың идеялар қоса алатын, нағыз өз ісінің шебері болмақ. Аталған істе республикасыздарғы барлық білім ошақтары жаппай жұмыс жасауда және оқу процесіне жасанды интеллектіні енгізіп, қоғамның дамуына сай мамандар даярлаудың негізін қалауда.
Сонымен бірге Президентіміз бір палаталы Парламент құру, көші-қон саясатын реттеу, өнеркісіп өндірісін одан ірі жолға қою, аграрлық саланы одан әрі нығайту, банктер қызметін одан әрі жетілдіру, АЭС құрлысының жобасын қолға алу, әлемдік геосаяси жағдайға аса назар аудару қажеттіліктері сынды басты мәселелерді көтерді.
Еліміз үшін аса маңызды, ел іргесін нығайтуға арналған мұндай кезекті Президентіміздің Қазақстан Халқына арналған Жолдауы назардан тыс қалмай, оны талдау мен талқылау, жастарға жеткізу білім ошақтарының басты назарында қала бермек.
Абикенова Г.Е., т.ғ.к.
Қазақстан тарихы кафедрасының
қауымдастырылған профессоры
ИННОВАЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешім қабылдады – инновациялық саясатты басқару құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне беріледі.
Бұл қадам – инновацияны дамыту ісінде ғылым мен білімді негізгі тірек ретінде мойындаудың айқын көрінісі. Өйткені инновациялық даму – елдің экономикалық қуатын арттырудың, жаһандық бәсекеге қабілетті болудың басты шарты.
Инновация, ғылым және жоғары білімнің бір министрлік аясында тоғысуы келешекте зерттеу университеттерінің, ғылыми орталықтардың және бизнес құрылымдарының өзара тығыз әрекеттесуіне жол ашады. Бұл өз кезегінде ғылыми жобалардың нәтижелерін тәжірибеде қолдануға, технологиялық шешімдердің өндіріске енуіне және ұлттық инновациялық экожүйенің дамуына серпін береді.
Университеттер енді тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялар мен технологияларды жүзеге асыратын орталықтарға айналуы тиіс. Студенттер мен жас ғалымдарға стартаптармен айналысуға, зерттеу жүргізуге, нақты салаға бағытталған инновациялық өнімдер ұсынуға мүмкіндік артады.
Бұл өзгеріс еліміздегі адами капиталдың сапасын арттыруға, кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының сұранысына сай жетілдіруге, академиялық орта мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады.
Инновация – бұл тек жаңа технология емес. Бұл – ойлау жүйесінің, басқару мәдениетінің, экономикалық даму стратегиясының өзегі. Сондықтан бұл саланы ғылым мен жоғары біліммен тығыз байланыстыру – Қазақстанның даму жолындағы маңызды әрі дұрыс шешім.
Гүлжихан Смағұлова,
Экономика және бизнес жоғары мектебінің доценті

ЖОЛДАУДА БІРНЕШЕ ЖАҢА, МАҢЫЗДЫ ҰСЫНЫСТАР ЖАСАЛДЫ
Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих факультеті ұжымы бірлесе тыңдаған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жаңа жолдауында елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени дамуы туралы жан-жақты талдау жасалып, міндеттер айқындалды.
Әсіресе, мына түрлі қатерге толы кезеңде көштен қалмай барлық салада цифрландыруды қолға алып, одан әрі дамыту мен жасанды интелектіні пайдалана білу қажеттігіне баса назар аударды. Сөз жоқ бұлар бүгінгі күннің талабы. Сонымен қатар, бірнеше жаңа, маңызды ұсыныстар жасалды.
Олар: "Банк туралы" заң қабылдау, "Алатау сити" цифрлық қаласын салуды тездетіп, ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдейтін "Агрохаб" құру, бір палаталы парламент құру және т.б. Бұлардың барлығы еліміздің жалпы дамуында маңызды орын алады сөзсіз.
Т.Ә. Төлебаев
Дүниежүзі тарихы, тарихнама және
деректану кафедрасының профессоры



