ҚазҰУ делегациясы «Жібек жолы» көрмесіне қатысты
Көрулер: 59
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы VIII халықаралық «Жібек жолы» көрмесі мен «Бір белдеу – бір жол» университеттер альянсының халықаралық форумына қатысты.
Ауқымды шараның салтанатты ашылу рәсімі Қытай Халық Республикасының Ганьсу провинциясындағы Дуньхуан қаласында өтті. Бұл көрмені ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен Ганьсу провинциясының Халық үкіметі ұйымдастырды. Оған дәстүрлі түрде әлемнің 100-ден астам елінен делегация келіп, мұнда белгілі зерттеушілер, мемлекет қайраткерлері мен академиялық қауым өкілдері бас қосты.
Қазақстанның атынан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы қатысты. Оның құрамында Әлеуметтік даму департаментінің директоры Жұлдыз Есімова, Қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, жетекші қытайтанушы Фатимабиби Дәулет және Халықаралық байланыстар департаментінің жетекші маманы Арды Әуелхан болды.
Сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» университеттер альянсының халықаралық форумы аясында өркениетаралық ынтымақтастық пен цифрлық дәуірдегі қытай тілінің дамуына арналған конференция өтті. Жиында Фатимабиби Дәулет «Өркениеттік өзара оқыту аясында қытай тілі оқулықтарын әзірлеу мәселелері мен перспективалары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
ҚазҰУ делегациясының осындай ірі халықаралық форумдарға қатысуы университеттің жаһандық деңгейде қазақстандық қытайтануды дамытудағы белсенді рөлін ғана емес, сонымен қатар халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, әлемнің жетекші университеттерімен әріптестікті кеңейтуге және жаңа ғылыми-мәдени ынтымақтастық алаңдарын қалыптастыруға ықпал етпек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі



