Ғылымда тың тақырыпқа түрен салды
Көрулер: 34
Ұлттық әдебиеттану ғылымына өзіндік өрнек салған белгілі ғалым, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор Алуа Темірболат бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет етеді. Алуа Берікбайқызы жетекшілік ететін Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында ұлтымыздың ірі тұлғалары, көркемсөз шеберлері, ұлттық құндылықтарымыздың қорғаны болған академик Б.Кенжебаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев сынды ғалымдардың ізі қалған. Сол себепті әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Алуа ханымды тау тұлғалардың үлкен аманатын арқалаған абзал жан десек те болады.
Алуа Берікбайқызы 1975 жылы 21 қыркүйекте Өскемен қаласында дәрігерлер әулетінде дүниеге келген. Хирург әке мен акушер-гинеколог ананың тәлім-тәрбиесінде өскен ол жасынан адалдықты, қарапайымдылықты, ізгілік пен еңбексүйгіштікті бойына сіңірді. Білімге өте құштар болып өсті. Оның ғылымға деген қызығушылығы ерте бастан қалыптасты. Мектеп қабырғасынан-ақ кітапқа деген құштарлығы, сөз өнеріне деген ықыласы, әдеби талдауға бейімділігі ұстаздарының назарын аударған. Жоғары білімге келгенде де ол осы жолды таңдады. Университет қабырғасында жүріп-ақ жас ізденуші ғылым әлеміне батыл қадам жасады. Өйткені жасынан зеректігі және зейінімен көзге түскен Алуа өзінің кемел болашағына, білім саласына деген жолына тыңнан түрен салған талантты жас еді. Бұл қасиеттер кейін ғылым жолында да, ұстаздық қызметте де оның айнымас серігіне айналды.
1992 жылы орта мектепті алтын медальмен тамамдап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, үздік шәкірт атанды. Бакалавриат пен магистратураны ойдағыдай аяқтап, аспирантураға қабылданды. Сөйтіп, әдебиет әлеміндегі алғашқы зерттеулерін тереңдетіп, 2001 жылы филология ғылымының кандидаты, 2009 жылы ғылым докторы атанды.
«Менің бүгінгі жеткен жетістіктеріме тікелей ата-анамның берген тәлім-тәрбиесі мен қолдаулары әсер етті. Екеуінің арқасында мен адал адам, ғалым, ұстаз болдым. Үш тілді білемін, өз Отанымды сүйемін және қандай жетістіктерім болса да, қарапайым болып қалдым, өз адамгершілігімді жоғалтқан жоқпын», – дейді Алуа Берікбайқызы.
«Ғылым жолы – ауыр жол» демекші, Алуаның ғылым жолындағы ізденістері мен тапқан тың жаңалықтары ғалым ретінде әдебиеттануға мүлде жаңа ғылыми ұғымдар енгізді. Әлемдік әдебиеттану тарихында тұңғыш рет темпоралды ырғақ теориясын қалыптастырды, көркемдік хронотоп категориясына жаңа концепция ұсынды. Әдебиет пен философия, әдебиет пен психология, әдебиет пен жаңа технология арасындағы пәнаралық байланысты дамытып, ғылымдағы тың соқпаққа жол салды.
Оның ғылыми қызығушылығы тек дәстүрлі теориялық зерттеулермен шектелмейді. Ол тәжірибелік риторика, нейролингвистикалық бағдарламалау, data mining, case-study сияқты инновациялық әдістерді оқу үдерісіне енгізіп, Қазақстандағы әдебиеттану ғылымының заманауи бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосты.
Ұстаздық пен ұйымдастырушылықты қатар алып жүрген Алуа Берікбайқызы 23 жыл бойы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында қызмет етіп келеді. Соның ішінде 14 жыл бойы Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасын басқарып, ұжымын өркендетуге, жас ғалымдарды тәрбиелеуге бар күшін жұмсады.
Оның жетекшілігімен кафедра мемлекеттік аттестаттаудан және бес халықаралық аккредитациядан сәтті өтті. Магистратура мен докторантура ашылып, диссертациялық кеңес құрылды. Кафедра білім беру бағдарламаларын үш тілде жүргізіп, халықаралық ғылыми қоғамдардың мүшелігіне қабылданды. Қосдипломдық бағдарламалар іске қосылып, Жамбыл атындағы Ғылыми орталық пен Д.Досжан атындағы Ғылыми-шығармашылық орталығы ашылды.
Алуа Берікбайқызы – қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясының өзекті мәселелерін зерттеуде тың көзқарас, жаңа бағыт ұстанған ғалым. Оның еңбектерінде сөз өнерінің табиғаты, көркем мәтіннің ерекшелігі, ұлттық әдеби дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы жан-жақты талданады.
Ол тек ғылыми талдау жасаумен шектелмей, қазақ әдебиетін әлемдік контексте қарастыруға, әдебиет теориясын жаңа қырынан пайымдауға күш салып келеді. Зерттеулерінде ұлттық әдебиет пен әлемдік әдебиеттанудың тоғысқан тұстарын айқындап, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп келеді.
Ғалымның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары, монографиялар мен мақалалар қазір отандық жоғары оқу орындарында, ғылыми орталарда кеңінен қолданылып жүр. Айталық, бүгінде отандық және шетелдің ірі ғалымдарымен жақсы қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген ғалымның 250-ден астам ғылыми еңбегі, соның ішінде тоғыз оқу құралы, жеті монографиясы жарық көрді. Оның «Әдебиет теориясы», «Әдебиет поэтикасы», «Риторика. Шешендік өнердің негіздері», «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиеттанудағы мектептер мен бағыттар» атты еңбектері жас ғалымдар мен студенттердің сенімді серігіне айналды.
Абай Құнанбайұлы шығармашылығының поэтикасына арналған зерттеулері, қазақ романдарының тәуелсіздік идеясы тұрғысынан талданған еңбектері ұлттық әдебиеттануда жаңа серпіліс тудырды.
Ерен еңбектің еленгені кімді де болса қуантары сөзсіз. Осы тұрғыда Алуа Берікбайқызының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бірқатарын атап өтсек: ол ҚР Президенті стипендиясының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2008» грантының, Жас талантты ғалымдарға арналған стипендияның және Ғылым мен техниканы дамытуға зор үлес қосқан ғалымдарға арналған стипендияның иегері, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты және бірнеше медаль, төсбелгімен марапатталған.
Алуа Берікбайқызы университет аудиториясында дәріс оқып қана қоймай, әр студенттің жүрегіне жол таба білетін, шәкірттерін ғылымға жетелейтін, қанаттандыратын қадірлі ұстаз. Оның жетекшілігімен көптеген магистрлер мен докторанттар, жас ғалымдар кеңес алып, өз ізденістерін қорғап шықты.
Қазақ руханияты мен әдебиеттану ғылымының кең өрісінде өзіндік сара жолымен, терең білім-парасатымен танылған белгілі ғалым Алуа Берікбайқызы биыл 50 жасқа толып отыр. Бұл бір қарағанда адам ғұмырының бір белесі ғана секілді. Дегенмен ғылым мен білімге, ұлт руханиятына, қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясына өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан ғалым үшін бұл – үлкен белес, биік асу.
Бауыржан ИМАНҒАЛИЕВ,
филология ғылымының кандидаты



