Алтай қауымдастығы симпозиумы

23.09.2025

Көрулер: 40

Мажарстаннның (Венгрия) Сегед қаласында Халық­ара­лық Алтай қауымдастығы тарапынан «Ат, дәреже, лақап» атты тақырыпта ұйымдастырылған халықаралық симпозиумға қатыстық. Үш күнге созылған симпозиум жиырма сегіз секция бойынша жұмыс жасады.

Іргетасын император Франц Иосиф 1872 жылы қалаған Се­гед университеті өзінің бай тарихымен ерекшеленеді. Қа­зіргі таңда он екі факультеті бар университет алғашқы құ­рыл­ған жылдары небәрі төрт факультетке ғана студенттер қабылдаған. Бұл университет екі бірдей Нобель сыйлығының иегері шығуымен даңқты оқу орны. Алғашқы Нобель иегері – физиология мен медицина саласы бойынша университет профессоры Альберт Сент-Дьерди. Ғалым С дәруменін ой­лап тапқан алғашқы адам. Екінші Нобель сыйлығының ие­гері – Карико Каталин. 2023 жы­лы ковидке қарсы екпе ой­лап тапқан ғалым.

Сегед университетінде бір­неше шет тілі оқытылады. Шет тілдермен бірге түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілінің оқы­ты­латынын естіп, марқайып қал­дық. Осман түрікшесі бар­лық түркітанушылар үшін бі­луге міндетті тіл ретінде оқы­ты­лады. Әлемдік ал­тай­танушылар есімі Сегед университеті жанынан ашылған Алтайтану кафе­дра­сы­мен тығыз байланысты.

«Ат, дәреже, лақап» тақы­ры­бында ұйымдастырылған сим­позиум жұмысына әлемнің төрт бұрышынан 115-тен аса ғалымдар мен ізденушілер қа­тысты. Симпозиумның сал­та­натты ашылуына Сегед уни­верситетінің ректоры, Ал­тай­тану орталығының басшылығы, Түрік тарих ұйымының бас­шысы, Түркияның Мажар­стан­да­ғы елшісі сынды құрметті қо­нақтардың ортасында Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің ректоры Жан­сейіт Түймебаевтың, Қа­зақстан Республикасының Ма­жар­стандағы төтенше және өкі­летті елшісі Абзал Са­пар­бекұлының қатысуы да ме­рейі­мізді өсірді. Симпозиум аш­ы­луын­да Жансейіт Қансейітұлы сөз сөйлеп, қатысушыларды құт­тықтап, симпозиумның же­місті өтуіне жылы лебіз білдірді. Халықаралық алтайтанушылар қауымдастығының құрметті пре­зиденті Жансейіт Қан­сейіт­ұлы алтайтанудың болашақта ат­қаратын жұмыстарына, ба­ғыт­тарына, жасалған жұ­мыс­тар­ға тоқталып өтті.

Симпозиум жоғары дәре­же­де ұйымдастырылды. Сек­циялар отырысына жауапты адам­дар А, В, С салондарын уақытында ыждағатты даярлап отырды. Ғалымдардың баян­да­ма жасауына қолайлы жағ­дай­лар жасалған. Әр секцияда төрт баяндамадан оқу да адам­­дарды жалықтырмайтын бір тәсіл болса керек. Бағ­дар­ламаны қарап отырып, өзің қы­зығушылық тудырған баян­да­маны тыңдау мүмкіндігі болды. Тақырыптар сан қырлы. Алыс Еуропада отырып, қазақ хал­қы­ның тұрмысына, эпостық дас­тандарына, ат қою мә­де­ние­тіне қызығушылық та­ны­тып, қазақ өміріне байланысты түрлі тақырыпта баяндама жасаған шетелдік әріп­тес­те­рі­мізге дән разы болдық.

Симпозиумға ұлттық уни­вер­ситеттен бірнеше ға­лым қа­тысты. Біз де өз тара­пы­мыз­дан «Қазақ мәдениетіндегі ат тергеу дәстүрі» атты та­қы­рып­та баяндама ұсындық. Бұл дәс­түр­дің қызықты тұстарын тың­даушылар рахаттана тың­дап, халқымыздың осындай әде­мі дәстүрінің бар екенін, оның әлі күнге дейін ұстанып келе жат­қан қазақ келіндерінің дана­лы­ғына сүйсінді. Құрмет пен сый­ластыққа негізделген дәс­түрдің қазақ арасында әлі күнге дейін жалғасып келуі әлемнің түкпір-түкпірінен кел­ген ғалымдардың ықыласын ту­дырды.

Симпозиумның екінші күні қатысушылар Сегед универ­си­теті кітапханасының сирек кі­таптар қорына саяхат жасадық. Ең ежелгі кітаптар арасынан қа­сиетті Құран кітабын, Шах­на­маны, сонымен бірге ұлттық университетте дәріс оқыған құрметті түрколог Берікбай Сағындықұлының, басқа да түркітектес мемлекеттер ға­лым­дарының мақаласын көріп сүйсініп қалдық.

Бақытгүл ҚҰЛЖАНОВА,

ҚазҰУ-дың профессор міндетін атқарушы