ҚазҰУ-да сарқынды суларды тазартуға арналған мобильді қондырғы әзірленді

20.12.2023

Көрулер: 140

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары техникалық және сарқынды суларды тазарту және тұзсыздандыруға арналған мобильді қондырғы әзірледі.

Бұл жоба Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен ынтымақтастық нәтижесінде іске асырылды.

Химия ғылымының докторы Ажар Баешова бастаған ғалымдар әзірлеген бұл қондырғыға  республикалық патент алынды.

Жылжымалы қондырғы судың кермектігін анықтайтын кальций мен магний катиондарынан суды тазартуға, бөгде заттардан, эмульсияланған мұнай өнімдерінен, еріген және дисперсті органикалық қосылыстардан, түсті және ауыр металдар қосылыстарынан, химиялық белсенді заттардан, механикалық қоспалардан тазартуға, суды тұзсыздандыруға мүмкіндік береді.

Қондырғының кальций мен магний катиондарынан тазарту дәрежесі – 100%, тұрып қалған заттардан – 100%, эмульсияланған мұнай өнімдерінен – 100%, еріген органикалық қосылыстардан – 100%, беттік белсенді заттардан – 100%, механикалық қоспалардан – 100%, түсті және ауыр металдар қосылыстарынан – 99,9%,  тұздың мөлшері – 95%.

Мобильді қондырғы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын орындауда, атап айтқанда: су нысандарын санитарлық қорғау,  су ресурстарын халықтың қолайлы өмір сүру жағдайына лайықтау және су қорларын ұтымды пайдаланылуды қамтамасыз ету талаптарына жауап береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі