ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
Көрулер: 117

ЕЛ БОЛАШАҒЫ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДА
Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтайдың бірінші күнінде білім мен ғылым арнайы секция тақырыбы ретінде қаралуы өте өзекті мәселе. Қазіргі күнде кез келген елдің дамуы мен ел болашағы жастардың қолында екені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі бизнесмендерге «Мешіт салған жақсы, дегенмен мектеп, балабақша, спорт кешендерін салса тіпті керемет» деген сөзінде білім мен ғылымға көңіл бөліп, елдің болашағы жастарды дұрыс тәрбиелеу керек екенін көрсетті.
Ел тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елімізде халық жаппай діни жоралғыларды ұстай бастады. Бұл, бір жағынан, халықты рухани оңалтқанымен, екінші жағынан, жаппай дінге бет бұрып, жас балалардың өзі сабақты қойып, мешіт жағалап, бар уақытын мешіттерде өткізетін кездер көбейіп кетті. Баланың нағыз білімге қызығып, біліммен сусындайтын уақытында дінмен айналысып кеткені баланың білім деңгейін төмендетуде. Сондықтан әсіресе жас балаларды дінге кешірек, яғни оңы мен солын ажыратып алған соң, саналы түрде таңдау жасауға мүмкіндік беру қажет. Балаға барлығы үлкендердің айтуымен емес, өзінің алған білімін саралап, ойланып таңдау жасатуға жағдай жасау қажет. Баланың құқығына қол сұқпау үлкендердің басты міндеті болу шарт.
Баланың білім нәрімен толық сусындап, кемеліне келіп, өз таңдауымен, саналы түрде жасаған таңдауы қоғамға үлкен пайда келтіреді. Сондықтан Президентіміз айтып өткендей, балаларға арнап жайлы мектептер, балабақшалар, спорт кешендерін, оңалту орталықтарын көптеп салса еліміздегі балалар білімді болып өсері хақ. Білімді бала ертең ғылымда үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз.
Қазіргі әлемдегі геосаяси күрделі кезеңде ел қауіпсіздігі мен экономикасын көтеретін ғылыми жетістіктер арқылы келетін техника мен технология. Сол техника мен технологияны жасайтын жастарға бар жағдайды жасасақ, жемісін ертең-ақ көретініміз белгілі. Ол үшін істелетін басты жұмыстар:
- балалардың дін мен мешітке баруын 16 жасқа толған соң өзі шешуі керек екенін заңдық тұрғыда қарастыру;
- мектептер, балабақшалар, спорт кешендерін, оңалту орталықтарын салу;
- балалар кірсе шыққысы келмейтін мультимедиалық заманауи ірі кітапханалар тұрғызу;
- балалардың қиялын шарықтататын заманауи мұражайлар қалыптастыру т.б.
Құрылтайда Президент Қ.Тоқаевтың балалар өміріне басымдық беріп отырғанына барлығымыз қолдан келгенше атсалысып, білім мен ғылымға сусындауына жағдай жасағанымыз жөн. Белгілі ғалым, академик Асқар Жұмаділдаевтың «Жетектегі ел емес, жетектеуші ел болуымыз керек» деген сөзі осы біздің болашағымыз – балаларға айтқан ұлағатты сөзі. Ол үшін білім мен ғылымның көгіндегі балаларды дұрыс тәрбиелеп, терең білім алуына барлық жағдай жасау сіз бен біздің қолымызда.
Әлім МЫЛҚАЙДАРОВ,
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының доценті
ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ АЙТЫЛДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтті. Жайық жағасында өткен басқосуда қоғамның дамуына арналған өзекті мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы ұлт бірлігін нығайтудың маңыздылығына, әсіресе мұндағы зиялы қауымның рөліне ерекше тоқталды.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала беретінін айтты. Тілді дамытуда ағартушылықтың маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді, сондай-ақ кітапхана ісін дамыту, оның ішінде Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар салу қажеттігін тағы қайталады.
Президент Ұлы даланың көшпелі өркениетінің, атап айтқанда: Жошы ұлысының мұрагері ретінде Қазақстанның тарихи рөлін атап өтіп, ұлттың мәдени мұрасын сақтаудың мән-маңызына тоқталды.
Сондай-ақ ысырапшылдық тақырыбын қозғап, үнемділік, әсіресе энергия ресурстары мен су байлықтың бастауы екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде есірткі саудасы, лудомания, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм сияқты қоғамның жаңа әлеуметтік жағымсыз әдеттерімен күресу қажеттігін ортаға салды.
Тәуелсіздік, патриотизм, бірлік, әділдік, жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық, кәсіпқойлық, жасампаздық және жаңашылдық сияқты ұлттың негізгі құндылықтарына ерекше тоқталып, әрбір азаматты «Адал азамат» концепциясы мен Әділ Қазақстан идеясын ерекше атап өтіп, оларды жүзеге асыруға ұмтылуға шақырды.
Жанара ЖАҢАБАЕВА
география және табиғатты пайдалану факультеті
ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ
Атырау қаласында өткен құрылтайда Мемлекет басшысы негізінен жастардың тәрбиесіне, біліміне, денсаулығына, болашағына қатысты ой қозғағаны өзіме ерекше әсер етті. Өйткені жастар ертең елдің тұтқасына ие болатын контингент. Сондықтан олардың бүгінгі заман талабына сай білім алып, елдің дамуына сөзбен емес, іспен ықпал етуі аса маңызды.
«Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», – деді Президент өз сөзінде.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою қажет екенін айтты. «Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін», – деген ойымен бөлісті.
Біз ұстаз, ата-ана болғандықтан, балаларымыздың, жастардың болашағына алаңдаймыз. Бір айтқым келетіні, Мемлекет басшысының жолдауында, әр жерде сөйлеген сөзінде үлкен түйткілді мәселелер көтеріледі. Бір өкініштісі, соның көбі науқандық сипат алады да, уақыт өте келе ұмыт қалады. Меніңше, айтылған тың мәселелер күн тәртібінен түспей, қоғамда үнемі талқыланып, соған сай әрекет етуіміз керек.
Ләйла КУДРЕЕВА,
химия және химиялық технология факультетінің декан орынбасары,
химия ғылымының кандидаты