Асқар Ақаев экономикалық дағдарыстарды талдаудағы ЖИ рөлі туралы дәріс оқыды

21.10.2025

Көрулер: 61

Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті, РҒА академигі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне «Әлеуметтік-экономикалық дағдарыстарды талдау мен болжауда жасанды интеллекті моделін және экономикалық дамуды оңтайлы басқару туралы» мазмұнды дәріс оқыды.

Құрметті мейманды қарсы алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университеттің құрметті профессоры, РҒА академигі Асқар Ақаевтың бұл сапарында екінші рет көшбасшылық дәріс оқып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол алғашқы дәрісте қозғалған технологиялық, демографиялық және эволюциялық сингулярлық тақырыптарының өзектілігін еске салды. Бүгінде жасанды интеллект тек технологиялық құрал емес, ол экономиканы, білім мен ғылымды түбегейлі өзгертетін интеллектуалдық күшке айналып отыр.

«Біз адамзаттың жедел биологиялық және мәдени эволюциясына куә болып отырмыз. Гендік инженерия мен синтетикалық биологияның дамуы арқасында адамзат трансгуманизмнің – дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Академик Ақаев атап өткендей, қазіргі кезеңде білім беру мен ғылымды басқару тәсілдерін қайта қарау, технологиялық прогресті бүкіл адамзат игілігіне бағыттайтын жаһандық ынтымақтастық пен бақылау жүйесін құру – уақыт талабы», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз дәрісінде академик Асқар Ақаев жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы туралы айта келіп, бұл салада АҚШ пен Қытайдың көш бастап тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде соңғы он жылдан астам уақыт бойы жасанды интеллект ғылыми-зерттеу үдерістерінде, әсіресе ірі эксперименттік деректерді өңдеуде кеңінен қолданылып келеді. Жасанды интеллект үлкен деректерге негізделген барлық салаларда – астрофизикада, фармацевтикада, үлкен адрондық коллайдер жобасында, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және геосаяси дағдарыстарды талдау мен болжауда ғылыми прогресті айтарлықтай жеделдетуде.

Ғалым жасанды интеллектіні дамыту стратегияларын талдай отырып, профессор Ю.Кривиннің қағидатты ұстанымын мысалға келтірді: «Тек себеп-салдарлық байланыстарды түсіндіруге және заңдылықтарды айқындауға бағытталған іргелі зерттеулер ғана тұрақты әрі терең ғылыми прогресті қамтамасыз ете алады».

«Машиналық оқыту мен деректерді талдау – ғылыми жаңалықтарды жылдамдатуға мүмкіндік беретін қуатты құралдар. Алайда олар дәстүрлі ғылыми әдістерді алмастырмай, керісінше, толықтырушы рөл атқаруы қажет. Біздің сала үшін ең тиімді тәсіл – аралас (гибридті) модель: даму үрдістерінің траекториясын есептеу үшін верификациялық математикалық модельдерді пайдалану және дағдарыстық құбылыстарды терең машиналық оқыту арқылы болжау», – деді академик.

Дәріс соңында қатысушылар пікір алмасып, ғалымға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі